Тағы да жер дауы. Шымкенттің бас жоспарына сай ұлтарақтай жерінен айрылғандардың жанайқайы

Қайтпас 2 - жер дауы 1

«Қайтпас 2», яғни «Ақжайық» шағынауданының тұрғыны Индира Ақжігітова құзырлы орындар жеріне қатысты мәселені шешіп бермесе, Елбасының алдына дейін барамын деп отыр. Оның айтуынша , мемлекет мұқтажына деп оның жер телімінің тең жартысын алып қойған. Осы жәйтпен көп балалы ананың бармаған жері қалмапты.

«Әлі есімде, 2010 жылдың 2 тамызы күні, түскі шәйімізді ішіп отырсақ екі К-700 техникасы үйімізді сырып өтті. Үйім дірілдеп кетті шынымды айтсам. Далаға жүгіріп шығып, бұл жерде не болып жатыр десем, құрылысшылар мұнда жол саламыз дейді» – деп еске алады ауласының жарымынан бір күнде айрылған Индира Ақжігітова оқиға дәл кеше болғандай. Әйтпесе, осы отбасыға бастапқыда заңды жер телімін беріп, кейіннен сол бөлікке «құда түскен» де мемлекеттің өзі тұғын. Олқылықтың орнын толтыру үшін Индираның баспанасы мен учаскесі үшін 10 мың АҚШ доллары көлемінде өтемақы шығыпты. Бірақ ол отбасы шығынының жарым жыртығын да жамамайды.

Индира Ақжігітова, «Ақжайық» (Қайтпас-2) шағынауданының тұрғыны: «Өтемақы туралы құжатта 1 миллионнан аса теңге шыққаны жазылған. Оны АҚШ долларына шақсаңыз 10 мың долларды құрайды екен. Яғни, 5 мың долларды жерге деп, ал 5 мың долларды үй соғып алу үшін бөлген. Өзіңіз ойлап көріңізші, мына заманда осынша ақшаға жер телімі мен үй салып алуға бола ма?! Сонда мен төрт баламмен қайда баруым керек?! Мысалы, мен осы үйімнің сыртын сылауға дәл қазір қаржылай күшім жетпейді. Ал осы баспанамды салар кезде маған мемлекет ешқандай көмек берген жоқ. Жер телімін отбасымыз болып сатып алып, сонда тістеп-тырнақтап шағын баспана тұрғыздық. Қазақстанның демографиясын көтереміз дейді. Жас отбасылар осылай мәселеге тұтылып жатса, халық санын қалай жоғарылатуға болады, түсінбеймін».

Бұл мәселенің мән жәйінен Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Талғат Ысқақов та хабардар. Айтуынша, «Ақжайықтағы» осындай тағы 90 учаске Шаһардың бас жоспарына сай мемлекетке қайтарылады екен. Ал пәрменді бұйрықты өзгертуге ешкімнің құзыры жүрмейді. Түйткілді түйіннің ендігі пәтуәсін әділ сот береді деді ол.

Талғат Ысқақов, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы: «Бағалаушылар есептеген бағамен бұл отбасы келіспейтін болса, біз 3 ай уақыт өткеннен соң, жер кодексінің заңына сәйкес бұл кісілерді мемлекет мұқтажы үшін деп сотқа береміз. Сосын сот бұл мәселенің дұрыс-бұрыстығын анықтайды. Баспананы бағалаушылардың жұмысын тексеріп, үй мен жер телімін қайта бағалауға жіберуі мүмкін. Бірақ менің айтарым, қазір бұл кісілерді ешкім үйінен қуып жатқан жоқ. Сот шешімі шығып, ақшасын алмағанша бұл кісілер өз үйінде тұруға құқылы».

Индира Ақжігітова, «Ақжайық» (Қайтпас-2) шағынауданының тұрғыны: «Мен мемлекетке қарсы шықпаймын. Бірақ оны басқарып отырғандар маған жағдай жасап, үй берсін. Немесе баспана сатып алатындай қаржы бөлсін. Не болмаса, осы жер телімімді басқа жағынан созып берсін. Басыма түскен іс бойынша облыс әкімі Асқар Мырзахметовке де хат жаздым. Бірақ ол жақ мені қалалық әкімдікке баруымды сілтеді. Меніңше, облыс әкіміне менің шағымданған хатым жеткен жоқ. Себебі, ол кісі кез келген мәселеге жауапкершілікпен қарайтын жан деп ойлаймын. Бұл мәселенің түбіне өз басым жетпей қоймаймын. Егер Шымкенттегі құзырлы орындар мәселені шеше алмаса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа барамын!».

Индира секілді жер телімінен айрылған азаматтардың қатары таяуда мұнан да көп болмақ. Себебі, Шымқаланың бас жоспарына сай қаланың «Нұрсәт», «Асар», «Ақжайық» және «Ескі қала» сынды бірқатар шағынаудандарынан мемлекет мұқтаждығы үшін тағы да көптеген жер телімдері алынбақ. Айта өткен жөн, бірнеше жылға созылған Шымкенттің бас жоспары осы күнге дейін бекітіліген жоқ. Мұны ескерсек, ұлтарақтай жері үшін арызданатындардың қатары көбеймек деген сөз. Сайтымызға «Тұран» шағынауданының тұрғындары «біз де жер телімінсіз қалуымыз мүмкін екен. Ол үшін мемлекет өтемақы төлейді ме?» деп хат жазды. Сауалдарға жауапты осы саланың басы-қасында жүрген Талғат Ысқақов жауап берді. Айтуынша, мемлекет қажеттілігі үшін алынған жерлердің бәрі де учаске қожайындарынан сатып алынады.[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=3gXjBQkparI&list=UUfxVhVdN9E8mkrN50DjJYFg&index=6&feature=plpp_video[/youtube]