Шымкенттегі АЖБ өртке оранды

385
АЖБ өртке оранды

Қазір бұл  жанармай құятын стансада болған өрттің себебі мен келтірілген зиян анықталып жатыр.
Шымкент қаласының «Бибо» жанармай құятын стансасында өрт болды.
Оқиға орнына өртке қарсы қызметтің 83 қызметкері, 7 негізгі техника бірлігі, 2 арнайы және 1 жәрдемші техникасы шықты. «Келген кезде жалпы аумағы 160 шаршы метрді алған «Бибо» көлікке жанармай құю орнында мұнай өнімдерін тасымалдайтын «КамАЗ» және «ЗИЛ» маркалы екі көлікті жалын шарпи бастаған», – дейді ТЖД баспасөз хатшысы.

Өрт салдарынан «Бибо» ЖШС-нің иелігіндегі «ЗИЛ-130» маркалы көлік толық жанып кетті, жеке тұлғаның «КамАЗ» көлігі жарым-жартылай зақымдалды, сондай-ақ май құятын колонкалар қаптауларының пластмассалық бөлшектері балқып кетті.  Оттың мұнай өнімдерінің сұйық қоймаларына тарауына жол берілмепті.

21-қаңтар күні орын алған өрт 20 минуттан кейін ауыздықталып, 29 минуттан кейін толық өшірілді. Оқиға орнына Шымкент қаласы ТЖБ-ның құтқару жасағы мен тергеу қызметкерлері, электр желілері, газ, полиция, жедел медициналық қызметкерлер келді. Қаза тапқандар жоқ. Өрттің себебі мен одан келтірілген зиян анықталу үстінде.