Түркістандағы тілсіз жау жәдігерлерді жоя алған жоқ

Өрт сөндірушілердің арқасында ешқандай құнды дүниеге зиян келмепті
Өрт сөндірушілердің арқасында ешқандай құнды дүниеге зиян келмепті

Түркістанда орын алған тілсіз жаудың жай-жапсары туралы жаңа ақпарлар келіп түсті. Еске сала өтейік, 4-қаңтар күні Түркістан шаһарында орналасқан Нұртас Оңдасынов атындағы этнографиялық мұражай шатырын қызыл алау шарпығанын жазған болатынбыз. 9 бөлмеден тұратын ғимараттың іргетасы 1904 жылы қаланған екен.

Төтенше жағдайлар департаменітінің мәлімдеуінше, мұражайдың шатыры мен үстіңгі жабыны жанған болатын. Оқыс оқиғаның алдын алу үшін 52 өрт сөндіруші мен 7 техника қатыстырылыпты. Ұзындығы 22 метр, ені 19 метрді құрайтын бір қабатты  ғимараттағы өртті өшіру үшін өрт сөндірушілер дер кезінде келіп, Н.Оңдасыновтың жеке заттары мен қолжазбаларын және кітаптарын қауіпсіз жерге дереу көшірген. Департаменттің баспасөз қызметі ондағы мұражай экспонаттарына зақым келген жоқ деп мәлімдеді.

ОҚО ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Арман Әсібековтің айтуынша, Н.Оңдасынов атындағы этнографиялық мұражай басшылығынан департаментке алғыс хат келіпті. Үшбу хабарламада ғимараттағы баға жетпес, құнды заттардың жойылып кетпеуіне аянбай ат салысқан азаматтарға рахмет айтылыпты.