Түркістанда тағы да балабақша ашылды

Әзірге балбақшаға 120 бала қабылданыпты

Өткен жылы Елбасымыздың «Балапан» бағдарламасы аясында Түркістанда республикалық бюджет есебінен жалпы көлемі 1160 орындық 3 балабақша салынды. Жаңа жылдың алғашқы айында түркістандықтар тағы бір бүлдіршіндер мекемесінің ашылуына куә болды. Бекзат Саттарханов шағынауданында ашылған 320 орындық «Балғын» балабақшасы соңғы талаптарға сайланып соғылыпты. Баланың мектепке дейінгі білімін арттыруға бар жағдай жасалған. Жобаның жалпы сметалық құны 420 млн. теңге.

Балабақшаның іске қосылуына орай қосымша 120 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Қазір жас ерекшеліктеріне қарай 18 топ құрылып, балаларды тіркеу жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бір айта кететіні жаңа ашылған балабақшаға балаларын беруге ниетті ата аналардың санындада жек шоқ екен.

Сонымен қатар, Түркістандағы аймақтық дарынды балалар мектеп интернатының жанынан су жаңа жатақхана бой көтеріп, пайдалануға берілді. 150 балаға шақталған жатын орнды салу өткен жылдың мамырында басталыпты. Құрылысқа республикалық бюджеттен 167 млн теңге бөлінген екен.

Жатақханада қосымша 85 орындық асхана, дәрігерлік тірек, және демалыс бөлмелерімен жарақталған. Бүгінде дарын мектебінде 320-дан астам оқушы білім алады. Оларға білім беретін 55 ұстаздың 23 жоғары, 9-ы бірінші және 17-сі екінші біліктілік санатындағылар. Енді шәкірттер әлеуметтік тұрмысы мен біліміне қарай сарапталып, жатақханаға жайластырылмақ.