Бар жақсылық білімге

«ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС-і әлеуметтік салаларды дамыту жолында бірталай жұмыстар тындырып келеді. Әсіресе, білім беру орындарына келгенде қамқорлығын аямайды. Қаржылай және оқу құралдарымен жарылқап жүретіні қуантады. Компанияның қайырымдылығы әркез жалғасын тауып жүр. Қолы ашық азаматтардың ізгілікті ісі М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да да жалғасын тапты.

Қайырымды компания мен іргелі оқу орнының байланысы бекем. «Мұнай-газ ісі» және «Мұнай, газ және полимерлер технологиясы» кафедралары мен зауыт басшыларының арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Өйткені кафедраның болашақ мұнай-газ мамандығын иеленуші шәкірттері зертханалық жұмыстарын зауыттың базасында жүргізеді. Студенттер алған теориялық білімін практика жүзінде ұштастыра білсе, саланы тереңірек игеретіні мәлім. Әрі зауытта білікті мамандардан дәріс тыңдауының өзі үлкен көмек. Сонымен қоса, кафедраның бірқатар түлектері мұнай өңдеу зауы- тында лауазымды қызмет атқарып жүргенін айта кетуге тиіспіз. Өз кезегінде қамқор азаматтар білім ошағына қажетті маңызды құрылғыларды тарту етіп келеді. Қос кафедра ұжымын бірдей қамтамасыз ету дағдыға айналған. Бұл жолы петроқазақстан-дықтар құр қол келмей, оқытушыларға мұнайдың физикалық-химиялық қасиетін анықтайтын зертханалық құрылғы және газдың құрамы мен мөлшерін белгілейтін жабдықтарды сыйға тартты. Әрине, іс-шараға жиылған шәкірттер мен оқытушылардың қуанышында шек жоқ.

«Мұнай-газ ісі» және «Мұнай, газ және полимерлер технологиясы» кафедрасының меңгерушілері Қазым Нәдіров пен Сәуле Сақыбаева өз қуаныштарын жасырып қала алмады. – «ПетроҚазақстанның» қамқорлығын үнемі сезінудеміз. Студенттеріміз де білім-біліктерін сонда жетілдіріп жүр. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Көзге түскен шәкірттеріміз осында абыройлы қызмет етуде. Бізге бұдан асқан не керек?, – дейді ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты Сәуле Әбдіразаққызы. Ал Мемлекеттік сыйлықтың иегері, химия ғылымдарының докторы, профессор Қазым Нәдіровтың айтуынша, осындай қарым-қатынастың арқасында шәкірттер халықаралық, республикалық ғылыми жарыстарда, олимпиадаларда бәйгенің алдын иемденуде. Тіпті студенттер дипломдық жұмыстарын зауытта қорғайды екен. Мұнда ғылыми зерттеулер жүргізіп, саланы жетік меңгеруге бар жағдай жасалған. Себебі, 1985 жылы құрылған компанияның материалдық-техникалық базасы заман талабына сай. Бір айта кетерлігі, серіктестіктің техникалық бөлімінің бастығы Олег Горячковский мазмұнды шараға арнайы келіпті. Ол өзі оқыған университетке әрдайым көмек қолын созуға даяр екендігін айтты. Жақсылықтың жанынан табылуға құмбыл компания ұжымының қамқорлығы мұнымен шектелмек емес.

Мәлім болғандай, қос ұжым бұдан әрі де ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізу үшін 17 млн. теңге көлемінде келісімшарт жасасыпты. «Байланысты әрі қарай да тереңдету негізгі міндетіміз. Басшылар бізге осындай нақты тапсырмалар берді. Қаражат көлемін ұлғайту да жоспарда бар», – деп атап өтті зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері Еркін Жұмаділ. Айта кетейік, 1962 жылы ашылған мұнай-газ кафедрасы биыл 50 жылдығын атап өткелі отыр. Оқытушылар мен студенттер алыс және жақын шетелде, атап айтқанда, Қазақстан Британ Техникалық университеті, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті және И.Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік университетінде тағылымдамадан өтуде. Сондай-ақ, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы Ресей, Қырғызстан, Ұлыбритания және Өзбекстан елдерінің іргелі оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан.

Тағабай ҚАСЫМ