Eркектердің сұрағы…

Жұмағали Исмаилов

«Әйелдер не дейді?»

Облыс орталығына іргелес жатқан бір ауданда орталық кітапхананың кітап қоры сақталған қоймасы жанып кетіпті. Ондағы 40 мыңға жуық кітаптың орнын «ақшамен толтырамыз» деген кітапхана директоры тиісті сала басшыларына «пара бермекке» әрекет етіп жүр-міс. Кітапхана қызметкерлерінің жалақысынан ақша ұстап қалып, тыраштанған директордың бұл жоспарын жоғары жақтағылар біліп қойғанға ұқсайды. Амалы таусылған директор, «осы ақпаратты таратқандардың барлығын құртамын» деп кектеніп жүр көрінеді.

Әселхан Қалыбекова, халық ақыны

* * *
Халық ақыны Әселхан Қалыбекова мен Отырар ауданының әкімі Бейбіт Сыздықовтың арасындағы келіспеушілік аудан, облыс ауанынан асып бара жатқан секілді. Бірі «шәкіртімді елей қоймадың» десе, екіншісі «сол да проблема бопты ма?» дейтін көрінеді. Әселхан апамыз «Біздің әкім әдебиетті ұқпайды, өнер адамдарына жаны ашымайды» дегенді ашық айтып жүр. Ал, әкім Бейбіттің де бұл орайда айтар өз уәжі аз емес көрінеді. «Әпкеміздің айтқанын орындай қоймағаным, оның шәкіртіне жағдай жасамағаным үшін кінәлімін деп ойламаймын. Бұл менің кемшілігім емес» дегенді алға тартады Бекең. Не десек те, ел аузына қараған халық ақыны мен аудан әкімінің текетіресі әл-әзір аяқталмайтын түрі бар.

* * *
Облыстық прокуратурадағы кадрлық өзгерісті «аттестацияның кесірі» дейді білетіндер. Облыстың бұрынғы прокуроры сол сынақтан өтпей қалғаны үшін, қызметі төмендетіліп, өзге облысқа «зам.прокурор» болып кеткенге ұқсайды.

Өмірзақ Шөкеев

* * *
Өмірзақ Шөкеев Алматыда дүркіретіп тұрып қызының ұзату тойын өткізді. Бұл дүбірлі тойды көрген де, көрмеген де арманда. Тойға өзіміздің эстрада жұлдыздарынан санаулы-ақ әнші қатыстырылған. Қалғандары шетелдік өнерпаздар екен. Өмірзақ Естайұлы әсіресе, жастардың тапсырысы бойынша Ресейден Тиматиді арнайы алдыртыпты. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасаған қазақ емеспіз бе, қыз ұзату тойы мұнымен аяқталмайтын көрінеді. Алматыдағы тойдың жалғасы енді Астанада өтпек. Той құтты болсын дейміз Өмірзақ Естайұлы!

Жұмағали Исмаилов

* * *
Оңтүстікке есімдері белгілі дәрігерлер, облыстық кардиология орталығының бас дәрігері Спандияр Бекжігітов, жоғары оттегімен емдеу орталығының бас дәрігері Икрам Төлеев, облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Мәдина Көкенова, облыстық қан орталығының бас дәрігері Сүндет Рахымбердиев, тағы басқа да белгілі дәрігерлер ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековаға ашық хат жолдапты. Онда олар облыстағы медицина саласындағы кемшіліктерді тізе отырып, денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың шектен тыс «өзімбілермендікке» салынатындығын айтыпты.

* * *
Сайрам ауданында лауазымды бір азаматтың өлімін бастығынан көрушілер бар. Олардың айтуынша «Конституция күнін тойлауға дайындық барысында» басшысы қол астындағы бір мекеменің директорына ауыр сөздер айтып, жерден алып, жерге са лған көрінеді. Соның кесірінен, бір-екі жылдан соң зейнеткерлікке шыққалы отырған азамат жүрек талмасы ұстап қайтыс болыпты.