Перзентханалардағы бейнебақылаудың пайдасы көп

Дәрігерлер бейнеқұрылғылардың орнатылуын азаматтардың тиісті шеңберде жүруіне оң ықпал етеді деп санайды.
Дәрігерлер бейнеқұрылғылардың орнатылуын азаматтардың тиісті шеңберде жүруіне оң ықпал етеді деп санайды.

Перзентханаларға орнатылған бейнекамералардың пайдасы көп. Мұндай қорытындыны бүгін Шымкент перзентханаларындағы бас дәрігерлер жасады. Еске салайық, осынау келелі істі облыстың денсаулық сақтау басқармасы осыдан бір жыл бұрын Алматыдағы бала ұрлау фактісінен кейін қолға алған болатын. Абырой болғанда, Оңтүстіктегі перзентханалардан бала ұрлау фактісі әзірге тіркелген жоқ.

Шымкенттегі №2 облыстық перинаталдық орталығына бейнебақылау құрылғыларының орнатылғанына жарты жылдан енді асты. Алайда осы қысқа уақыт ішінде мекеме қызметкерлері оның пайдасын көріп үлгеріпті.

Рахима НӘЛІБАЕВА, №2 облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері: «Бейнекамералардың арқасында таяуда біз бір олқылықтың алдын алдық. Яғни, жаңа босанған анаға құтты болсын айтып, алкогольді ішімдікке сылқия тойып келген туысы мекеме қызметкерлеріне әлімжеттік жасамақ болған. Ертесіне видеолентаны қайта көріп, ол азаматты полицейлерге тапсырдық».

Орталықтағы күдікті аймақтар қазір 24 бейнекамераның бақылауында. Тек босану бөлмелері мен ота жасау залдарына ғана қойылмаған. Өйткені, ол азаматтың жеке құқын таптау болып саналады. Бұдан үрейленудің қажеті жоқ дейді дәрігерлер. Себебі, бала босанудың 70-80 пайызына ананың ет жақындары қатысады екен.

«Жұмысымыздың камералар орнатылғанға дейін де жақсы жүйеде болғанын айтып өткім келеді. Десе де, перзентханаға келген әрбір азамат бейнебақылау қондырғыларын көріп, өзін дұрыс ұстауға дағдыланады,» — дейді орталықтың бас дәрігері Рахима Нәлібаева.

Десе де, босану үйлерінде камералардың төбеңізден төніп тұруына келісесіз бе? Қала тұрғындарының осы жөніндегі ойын білдік.

Біз сұрау салған азаматтардың басым бөлігі камералардың тұруын құптайтындарын жеткізді. Түсіндірулерінше, бұл көптеген кері істің орын алуына кедергісін келтіреді. Ал базбірі мұның адам психикасына кері әсері барын, әсіресе, босанушы ананың дұрыс босана алмауына кесірін тигізерін сөз етті. Дегенмен, тәртіптің болуын баршаның қалары анық.

Бұл күні бейнебақылау қондырғылары қаладағы барлық перзентханаларға орнатылып болған. Ақ желеңділер көмекші құралдың пайдасын көрмесек, әзірге зиянын көре қойған жоқпыз деп отыр.