Жасартатын «сиқырлы» иіс

Оңтүстікте орташа көрсеткіш бойынша әйелдер – 68-67, ерлер 62 жыл жасайды екен. Мұның себебін мамандар оңтүстікқазақстандықтардың ұн өнімін көп пайдаланатындығынан деп отыр. Оның үстіне ауа райының да тигізер әсері мол. Күн ыстық. Терінің құрғауы мен ультракүлгін сәуленің әсерінен әжім түсу көп бізде. Бұл – ғалымдардың тұжырымдамасы.

 Соңғы кезде ұзақ ғұмыр сүрудің негізгі ережелерін ежіктеп үйрететін басылымдар көбейді. Барлығы да адамзатты жүз жасауға шақырып, «қасқалдақтың қаны мен құстың сүтін» ұсынады. Жарнамалары жаныңды тербеп, еліктіреді. Ұлудың сілекейі дейсіз бе, жыланның уы дейсіз бе, әйтеуір, жастықтың жасыл бағына ендіріп, ажарыңызды ашуға сеп болатын «табиғи» өнімдер көбейіп кетті.

Ал адамзатты қайтсек жүз жасатамыз деп жүрген ғалымдар ұзақ жасаудың сыры косметикада емес, салауаттылықта, одан қалса гендік құрылымда дегенді айтудан жалығатын емес. «Мафусаил» деп аталатын ген бар екен. Әзірге ондай гендер жиынтығы өте сирек кездеседі. Оған ие 10 мың адамның тек біреуі ғана 100 жасайды. Дегенмен, тығырықтан шығудың тағы бір жолы бар. Ол – аюрведтік жолмен емделу.

Аюрведа (гректің «āyus» — «өмір мағынасы», «ұзақ ғұмыр» және «veda» — «өнер» деген сөзінен шыққан) — үнді медицинасының негізі.

  Анықтамада айтылғандай, «Аюрведа» өмір сүру өнері деген мағына береді. Сонымен қатар, өмір өзені, өмір суы деген мағынамен де астасып жатыр. Бұл ем үш бөлімнен тұрады. Хош иістермен, музыка және су арқылы жүретін ем ұзақ жасаудың негізгі ережелері. Тек Үндістанда емес, Ежелгі Мысыр, Қытай, Иран, антикалық Греция мен Римде кеңінен таралған. Өсімдіктің хош иістері түйілу мен құрысуды, бас және бұлшық ет ауруларынан арылуға, жүрек соғысының күші мен ырғағын өзгертуге, эмоционалдық күйді жақсартуға, сергектікті қалпына келтіруге немесе ұйқысыздықты жоюға көмек береді. Кейбір иістер жұқпалы аурулардың дамуын тежейді, дерт ошағының жайылуын тоқтата алады. Өсімдіктің табиғи эфир майлары күйзеліс кезінде қажетті көмек бере алады. Бірақ өсімдіктердің «жанымен» сауықтыру оқып-білмеген адам үшін қауіпті, хош иістермен емдеу кең көлемді білімді талап етеді. Олардың әрқайсысы адамдарға бірдей әсер етпейді, құрамына кіретін жеке заттарды кейбір адамдардың көтере алмауы мүмкін. Ерлер мен әйелдерге, қариялар мен жастарға хош иістер түрліше әсер етеді. Сондықтан, арнайы маманданған «шебер» ғана ароматерапияның күрделі өнерімен жұмыс жасай алады. Ондай мамандар көп емес. Өйткені, адамды жасарту-оңай шаруа емес. Аюрведтік әдіспен емдеу– денсаулықты қалпына келтіру және нығайтуға арналған қызықты бағдарлама. Ол адам ағзасы мен табиғат арасындағы тығыз байланыстардың құпия әлемін ашады. Осылайша, ағза да, тән де, жан да сауығып, жасара түседі дейді ғалымдар. Емдік әдістің бұл түрі жоғарыда айтылған жарнамадағыдай көп жариялана бермейді. Көбіне, сауықтыру орталықтары мен арнайы топ өкілдерінің желісі арқылы ғана жүзеге асып жататын терапия. Дәстүрлі медицинаның өкшесін басып келе жатқан мұндай әдісті болашақта үлкен табыс көзіне айналдыруға болады деп сенетіндер көп. Алдағы 10 жылда терапияның бұл тың жолы адамзатты 100 жасауға септігін тигізбек. Қазақ қоғамы бұдан тыс қала алмайды. Бірақ, бұл бізге қажет пе? Жөнімен қартаюдың, әдемі қартаюдың өзі бақыт емес пе?! Сіз қалай ойлайсыз?

Ақмарал Мырзахметова

  • Сіз не дейсіз?

Жібек Сейдалина,

Шымкент қалалық №5 емханасының бас дәрігері

– Дәстүрлі медицинаны жақтаушы ретінде айтарым, мұндай терапия тек шығыс медицинасында қолданылады. Әлі түгелдей анықталмаған ем түрі. Бұл жерде адамның өзіндік ішкі рухани тепе-теңдігі басты назарға алынады. Адамның өзін-өзі түсінуі, ішкі ойы-мен санасуы сияқты ережелерді әбден үйренгенде ғана емнің әсері байқалады. Күйгелектіктен, теріс эмоциялардан арылуға айтарлықтай көмегі бар. Бірақ бұған адам дайын ба? Осыны анықтап алуы керек. Жедел өршіп тұрған ауруларды бұл әдіспен емдеп жазу қиын деп айтар едім. Менің ойымша, ұзақ жасаймын деген адам ең алдымен салауатты өмір салтын ұстанып, содан кейін рухани тазаруы керек.