«Ай қабақты, алтын кірпік арулар»

Шымкенттегі А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында «Ай қабақты, алтын кірпік арулар» атты қыз сыны байқауы өтті

Шымкенттегі А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында «Ай қабақты, алтын кірпік арулар» атты қыз сыны байқауы өтті. Байқау 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орайластырылған.

Қазақтың салт-дәстүрін қыздардың бойына сіңіру, болашақ ана, болашақ жар, шаңырақтың шырақшылары ретінде тәрбиелеу, балақайлардың шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында өткізілген сайысқа даярлық тобында тәлім алып жүрген 13 қыз қатысты.

Шымкенттегі  А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында «Ай қабақты, алтын кірпік арулар» атты қыз сыны байқауы өтті
Шымкенттегі А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында «Ай қабақты, алтын кірпік арулар» атты қыз сыны байқауы өтті

Байқауда қыздар өз өнері мен білімін ортаға салды. Арулар «Сәлем – сөздің анасы» кезеңінде жиналған қауымға өздерін таныстырып, ұлттық киім үлгілері мен сахнада өзін-өзі ұстай білу мәдениетін көрсетсе, «Өнерлі өрге жүзер» кезеңінде қазылар алқасына өз өнерлерін паш етті. Ал, «Шебердің шыңы» сайысында бойжеткендер ата-анасымен бірге ұлттық қол бұйымдарын әзірлеуден сынға түссе, «Білімді мыңды жығар» бөлімінде ару қыздардың білім деңгейлері бағаланды. Сонымен қатар, алдын-ала берілген үй тапсырмасына жауап беріп, «Қыздарға әсемдік жарасады» кезеңінде әр түрлі тұрмыстық қалдықтардан тігілген киім үлгілерін көрсетті. 

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Кәусар Әбдіқалиға бұйырса, Перизат Ермек – І-ші орынды иеленді. Мерей Қожихова мен Махинұр Азимова – ІІ-ші, Әсел Башенова мен Еңлік Орал – ІІІ орынды місе тұтты. Қатысушылардың барлығы арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқауларды мектеп қабырғасында өткізу жас балғындардың қазақ тілін, қазақтың дәстүрлері мен салтын құрметтеуге, тәрбиелеуге мүмкіндік ашады. 

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ