«Бақ іздеген бейбақтар»

581
Төрт қарт ана мен қарт әкенің үміті үзілген емес...

Төрт қабырғаға телміріп, перзенттері өзектен тепкен төрт тағдыр… Төрт қарт ана қабырғасы қайысса да, мұң басқан жүректерін жастық шақтың естеліктерімен жұбатады. Қиялымен өткен күнмен қауышады. Бар ғұмырын бала жолында сарп етіп, үкілеген үміттердің көкке ұшқанын көруден өткен азап жоқ ата үшін. Сондай шерменде көңіл әке образы ҚР Мәдениет қайраткері Мұқан Шәкіров сомдаған Абдулла образымен айқын беріледі.

Өткен күнге өкініш артып, жүректері сыз тартса да, сыр білдірмеген мұңлықтар әзілменен көңіл серпілтеді. Бірақ мұның өзі күлдіріп тұрып жылтақан, санаға салмақты ой құлатқан қалжың десті премьераға келген көрермен. «Мұнда күлу арқылы жылату шебер берілген. Әрине, әзіліне күлерміз-ау, бірақ, әрбір әзіл артында көз жасы, өксік тартқан өкініштер тұрғанын сезуге тиіспіз» дейді айтыскер ақын Бөрібай Оразымбет.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=jg8A56A9bdc[/youtube]

Башқұрттың халық жазушысы Буляковтың бұл драмасын қазақ сахнасына сай етіп, көрерменге ұсынған қойған режиссер — Сая Қасымбек. Режиссер осылайша қойылымға келген әрбір көрерменнің көңіліне саңылау тауып, мейірім мен жылылықтың жаршысы болғысы келгенін айтады.

Сая Қасымбек, ҚР мәдениет қайраткері, қойылымның қоюшы режиссері: «Ата-анаға жасаған әрбір қылығың өзіңе қайтып келерін ұмытпа. Қатыгездік көрсетсең, ертең өз балаң да саған соны қайтаратын болады. Мұнда келген әрбір көрерменге осы ойды жеткізе алсақ — біздің міндетіміздің орындалғаны. Режиссерлік бақыт та сол деп айтар едім.»

Төрт қарт ана мен қарт әкенің үміті үзілген емес...
 

Қойылымның қоюшы режиссері, ҚР мәдениет қайраткері Сая Қасымбек  пен шығармашылық ұжымның еңбегіне көрермен ризашылығын білдірді
Қойылымның қоюшы режиссері, ҚР мәдениет қайраткері Сая Қасымбек пен шығармашылық ұжымның еңбегіне көрермен ризашылығын білдірді