Оңтүстіктің талантты жастарына арналған жинақ жарық көрді

226
Кітапқа 200 жас енген

Оңтүстік Қазақстан облысының талантты жастарының жұмысы бағаланды. Қоғамдық өмірге белсене араласқан жастардың бірі – Әлихан Жақсылықтың еңбегі мен есімі арнайы энцоклопедияға енді. 2012 жылдың «Үздік студенті» аталымын жеңіп алған ол бүгінде Оңтүстік Қазақстан фармацевтика академиясының жастар ісі комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүр. 22 жастағы жігіта айтулы жинақтың айдарлы беті өзінің құрметіне арналады деп күтпесе керек.

Әлихан Жақсылық
Әлихан Жақсылық

Әлихан Жақсылық, ОҚМФА студенті: «Бұл – мен үшін үлкен тосынсый болды. Мен мұндай кітапта еңбегім жазылады деп күткен жоқпын. Өте қуаныштымын! Себебі қаншама жастың ішінен менің есімім ойып тұрып орын алып отыр. Алдағы уақытта өз қызметіме адал болып, жастар саясаты жолында еңбектене беремін. Мамандығым медицина саласы болғандықтан, арманым – жаңа бір ашылмаған жаңалық ашып, адамдардың денсаулығын жақсарту.»

Оңтүстіктің талантты жастары жайында жазылған жинақ Астана қаласында басылған. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшылығының сөзіне сенсек, аталмыш кітапты жинақтау үшін 1 жыл уақыт жұмсалыпты. Жинаққа облыстың небәрі 200 көшбасшысы ғана еніпті. Сондықтан қосымша беттер жасалмақ екен. Бұған қоса басқарма жинаққа бөлінген қаржыны да жасырып отыр.

Кітапқа 200 жас енген
Кітапқа 200 талантты жастың аты енген

Дәурен Дүйсебаев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы: «Алдағы уақытта осы жинаққа қосымша беттер қосамыз. Қатып қалған дүние жоқ қой. Болашақта 400 бетке жеткізуіміз мүмкін. Міне, сол кезде де осы елге таныла алмай жүргендерді көптеп қоспақ ойымыз бар.»

Қосымша беттер дайындалып үлгермей жатып-ақ, кітаптар үлестіріліп жатыр. Бүгінде 3000 данамен жарық көрген облыстың талантты жастары жайындағы жинақ өңірдегі кітапханаларға жол тартуда. Айта кетейік, дәл осындай мақсаттағы кітап енді араға 5 жыл салып тағы да жарық көретін болады деп жоспарланыпты.