Шымкентте жер дауы тыйылмай тұр

310

Бүгін облыс әкімдігінің алдына 100-ге жуық шымкенттіктер жиналды. Жиылғандардың айтары бар. Ол – 2009 жылы берілген жер учаскесіне мемлекеттік акті алу. Айта өтейік, жиналған жұртшылық «Солтүстік саяжай» деп аталатын шағынауданда тұрады.

жер дауы

Жиналған жұрт өздеріне тиесілі жердің құжаты жоғына налиды. Айтуларынша, учаскелерді 2009 жылы өздері жұмыс істеген «Ақниет» өндірістік кооперативінің басшылығы үлестірген көрінеді. Алайда содан бері құжаттарын заңдастыра алмай әлі жүр. Қақпаған есіктері, бармаған жерлері қалмапты. Енді ең соңғы үміттерін арқалап, облыс әкіміне келіп отыр.

Аманбай Ахаев, қала тұрғыны: «Үш жыл болды сандалып жүргенімізге. Пайымызды ала алмай жүрміз! Не мемлекеттік акті бермейді. Бала-шағамызбен бірге пәтерден-пәтерге сандалып кеттік. Облыс әкімінен көмек бола ма деп келдік.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=mC3DI027ULo[/youtube]

Ашуға бұлыққан ағайынды әкімдіктің қызметкерлері мәжіліс залына кіргізді. Содан кейін тұрғындар мән-жайды жергілік билік өкілдеріне түсіндірді. Наразы жұртпен облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр кездесті. Ол халықтың шағымын тыңдап, сабырға шақырды.

Ербол Садыр, облыс әкімінің орынбасары: «Сіздер айқайлап келді екен деп, шешімді бірден қабылдай алмаймыз. Бізде заң бар. Соның төңірегінде шешеміз.»

Анық болғаны – өзекті мәселе мерекелік демалыстан соң жіті тексеріледі. Бір келісімге келген жұрт 11-наурыз күні сағат 15:00-де қала әкімдігінің алдына қайта жиналатын болды. Олар учаскенің берілгенін растайтын қандай да бір құжатты ала келулері тиіс.