Жарымжан жастар үшін жаңа жоба қолға алынбақ

245
Құлағы мүкіс жастар өнерлерін паш етті

Шымкентте мүмкіндігі шектеулі жастар ұйымдастырған концерттік кеш өтті. Арнайы шараға қатысқан өнер иелерінің бірі би билесе, екіншісі өздерінің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарымен ұсынды.

Атымтай Қырықбаев жасынан қара домбыраның қоңыр үніне құмартып өскен. Сондықтан болса керек, бүгінде ұлттық аспап ажырамас досына айналғанын айтады. 9-сыныпта оқып жүргенінде қайғылы оқиға орын алып, Атымтайдың құлағының есту қабілеті нашарлайды. Бірақ бұл жағдай кейіпкеріміздің арманына кедергі бола алмапты.

Атымтай Қырықбаев, студент: «Мен бүгінде Шымкенттегі жоғарғы оқу орындарының бірінде оқимын. Мамандығым – жаңа технологиялар мен ақпараттандыру. Болашақта өз мамандығымның білгірі болғым келеді. Сондықтан ізденіп, оқып жүрмін. Кітапханаға да жиі барамын. Өнерге де жақындығым бар. Күй тартып, ән салып, домбырада өнердің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Осы армандарым орындалса, менен бақытты адам болмас еді деп ойлаймын.»

Құлағы мүкіс болғанымен, тілегі бір, жүрегі бір жандар көптің алдында өнерлерін паш етті. Талаптары таудай жастар өнерлерінің өшпегенін қалайды. Бұл – сондай талап-тілек, ниеттен туындаған қадам. Ал осы шараны қолға алған «Шымкент жастары» мекемесі жарымжан жастарға арнап жаңа жобаны қолға алмақ екен.

Ерлан Айтбаев, «Шымкент жастары» МКМ директоры:»Біз мұндай концерттік шараларды жай ұйымдастырып отырған жоқпыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созу – міндетіміз. Жуырда біз мынадай бір ерекше жобаны қолға алмақпыз: жарымжан болғанымен, қаншама талантты жастар бар. Солардың қатысуымен концерт ұйымдастырып, түскен қаржыны өздерінің денсаулығына жұмсаймыз. Осы арқылы болса да жарымжан жандардың өмірге деген құштарлығын оятқымыз келеді.»

Құлағы мүкіс жастар өнерлерін паш етті
Құлағы мүкіс жастар «Көк тудың» желбірегені әнін орындады

Мүмкіндігі шектеулі жастар заман көшінен тысқары емес. Мұны олардың өнерлерінен-ақ байқауға болады. Бір ғана концерттік шарада жастар патриоттық әндер орындап, түрлі саз аспабтарын шертіп, домбырада күмбірлете күй тартты. Тіпті, топтаса отырып, заманауи билерді де шебер биледі. Жастар бұл концерттік шараға жыл бойы дайындалыпты. Сондықтан өзгелерден ерек еңбекқорлығының арқасында талай биіктерді бағындырады да.