«Бибігүл» мен «Төлеген» «қызды» болды

Жер беті бусанып, күллі тіршілік жаңа тыныс алған сәтте қаламыздағы хайуанаттар бағы мекендеушілерінің де қатары толықты. 2-3 күннің ішінде бірнеше жануар жұптары ұрпақ өрбітті.

017-030

Зообақтың басты қуанышы, Маша атты мегежіннің 6 бірдей торай тууы болды. Бұл Шымкент зообағы үшін үлкен жаңалық. Өйткені, мұнда қабан торайлары алғаш рет дүниеге келіп отыр. Маша есімді мегежінді зообаққа 2005 жылы аңшылар өткізген. Қабан аулаушылар аңшылық кезінде тоғай арасынан денесін қотыр басқан, әлсіз, ауру жас қабанды тірідей ұстап алған екен. Өлтіріп тастамай, зообаққа алып келген. 2009 жылға дейін жанына серік табылмай, тек сол жылы ғана Алматыдан жұп қабан әкелінеді. Өткен жылы қабандарды батпақты қоршауға көшіріпті. Зообақтың биолог-экскурсия жетекшісі Қанат Егембердиевтің айтуынша, тұрағын балшықты орынға ауыстырғаннан кейін де аталығы мен аналығы жарасым тапқан болуы мүмкін.

017-031

Бұдан бөлек, сүйкімді қозықалар да зообаққа келушілердің көз қуанышына айналып үлгерді. Жыл басынан бері жеті қозықа туылған. Араларында екі жұп егіз қозықалар да бар.

Қозықаларды қызықтаған жұртшылық қара құлыншақты айналып өте алмайды. Бибігүл мен Төлеген атты пони жұбы балалы болды. Әлі есім берілмеген құлынның түсі қара.

017-029

Зообақ қызметкерлерінің кірпік қақпай күзеткендері – тілеміштің (конюк-курганик) жағдайы. Жұмыртқаларын бауырына басып жатқан тілеміш аналығының табиғи емес жағдайда ұрпақ өрбітуі өте сирек кездеседі.

Жәнібек НҰРЫШ