«Олар оралған жоқ!» бастамасына бір кісідей қатысайық

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына облысымыздан 140 мың азамат аттанған. Оның 43 мыңы ғана елге оралса, қазір сол қарт жауынгерлердің 550-і ғана арамызда жүр. Ал 100 мыңнан астам азаматымыз қанға бөккен Европа даласында қаза болып, Қазақ топырағына оралмады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=-kPD6g8QWEg[/youtube]

Міне, бүгінде сұрапыл соғыстың аяқталып, Жеңіс туының желбірегеніне 69 жылдың жүзі толды.  Қан майданда қасық қаны қалғанша көкірегін оққа тосып, жауға қарсы күрескен біздің ержүрек батырларымыздың есімдері әрбір қазақстандықтардың жадында. Арамызда жүрген көзі тірі ардагерлеріміздің саны да жылдан жылға азайып барады. Жеңіс күнін бүгінгі ұрпаққа аманат еткен батырларымыз әрдайым ардақталып келеді.

Дегенмен, қанша құрмет жасасақ та көптік етпейтіні мәлім. Ал туған жерге оралмай, сүйегі өзгенің топырағында қалған отандастарымыздың есімдері кімге мәлім? Қара қағаз арқалап, шаңырағы шайқалған талай қазақ отбасы хабарсыз кеткен ұлын, ағасын, көкесін, әкесін, атасын елеңдеп күтіп, үмітін үзбеді. Бірақ, олар оралған жоқ! Олардың тек есімдері мен фотосуреттері ғана естелік болып қалды.

1322

«Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттері мен «Отырар» телеарнасының бірлескен «Олар оралған жоқ!» бастамасы да осы мақсатта қолға алынған. Отан үшін от кешіп, туған жердің топырағына жете алмай жан тапсырған азаматтарымыздың есімдерін мәңгі есте сақтау, бүгінгі ұрпаққа ержүрек батырларымыздың ерлігін таныту – осы бастаманың басты міндеті.

Редакция ұжымдары қаңтар айынан бастап елге оралмаған азаматтардың есімдерін газет беттерінде, телеарна арқылы жариялап келді. Қала әкімдігі тарапынан қолдау тапқан бұл бастаманы бүгінде қолдайтындардың саны артты. Бәрінің мақсаты ортақ. Ол – азаматтық парыз. Біз үшін жанын қиған отандастарымыздың алдындағы міндет.

Бүгін «Отырар» телеарнасының баспасөз залында «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттері мен «Отырар» телеарнасының ұжымы өңірдегі БАҚ өкілдерімен баспасөз-мәслихатын өткізді. Басқосуға арнайы қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Баһадүр Нарымбетов аталған бастаманың маңыздылығына тоқтай отырып, 9-мамыр күні өтетін шеру туралы айтты.

«Мәңгілік даңқ» деп аталатын жеңіс шеруінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың есімдері жазылған суреттерін алып шығуды ұсынды. Атасының, әкесінің немесе туысының суретін көтерген шерушілер Қажымұқан стадионынан «Даңқ» мемориалына дейін жаяу жүріп өтетін болады. Облысымыздан аттанған Ұлы Отан соғысы батырларының есімдері жазылған тақтайшалардың алдына гүл шоқтарын қойып, батырларға тағзым ететін болады.

World War II veterans attend a rally marking the Victory Day in central Minsk   499313912

Құрметті оңтүстікқазақстандықтар! Сіздерді де осы шеруге қатысуға шақырамыз! Сүйегі жат елде қалған батырларымыздың есімдерін ұмытпауға тиіспіз. Олардың суретін алып шығып, рухтарына тағзым жасайық.