Суицидке армия кінәлі емес

Сарбаздың суицидке ұрынуына әскер кінәлі емес. 12 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан әскери психологиялық жиында әскерилер осындай үн қатты. Жалпы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 4 бөлімінің психологтары бас қосқан жиынға биыл штаттан тыс психологтар да қатысып отыр.

Әскерге шақыру қағазы келгеннен-ақ қазір ата-ананың жүрегі сыздайтын болған. Бұған кейінгі кездері әскерде орын алып жатқан зорлық-зомбылық пен суицид секілді қайғылы жағдайлар себеп. Десе де, ә дегеннен барлық жаланы әскерге жабу ағаттық дейді әскерилер.

Нұрбай Бектұрсынов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының тәрбие жөніндегі орынбасары: «Әскерде қылмыс немесе өрескел жайт орын алса, оның себебін әскерден көреді. Бұлай айту дұрыс емес. Ол – адами фактор. Өйткені бізге 18-20 жасар, яғни, санасы қалыптасып үлгерген жігіттер келеді. Олардың психикасын, сана-сезімін өзгерту қиын. Дегенмен, әскердің де өзіне тән қиындықтары бар. Оны мойындау керек.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=uTfI8PFkTd4[/youtube]

Әскерилердің сөзін психологтар да қуаттайды. Қайғылы жағдайға көп себептің бірі бозбаланың үйіндегі әлеуметтік қиыншылықтар болса, екіншісі, виртуалды әлемнің кесапаты мен қоршаған орта. Яғни, әскерге дейін де психикасы бүлініп келген бала осыдан соң темірдей тәртіптің тұсауына дес бере алмайды екен. Ал осындай олқылықтарға жол берудің басты себебі – әскери маманның тапшылығында жатыр.

Мұхаммедқали Сатов, ҚР ІІМ бас қолбасшысының орынбасары: «Тәуелсіздік алғанымызға 23 жыл болса да, өкінішке орай, бізде әскери психология бойынша ғылым кандидаты жоқ. Азаматтық психологиямен айналысатын маман өте көп, бірақ әскердегі жан сарайы мәселесі кенжелеп қалып барады. Яғни, сала дамымай келеді. Әйтпесе, бозбаланың психикасына тікелей әсер ететін темірдей тәртібі бар осы – әскер. Сарбаздың тұлғалық сынғыштығы мен бекемдігі, суицидке қаншалықты төтеп бере алатындығы нақ осы жерде байқалады. Ал әскерде қайғылы жағдай орын алса, әскерді кінәлайды. Бұл – қате пікір.»

Тәжірибелі психологтардың пайымы да көкейге қонады. Дипломы бар да білімі жоқ қызметкердің кесірінен кейбір қиындықтың орын алып жатқанын әскери мамандар да мойындайды. Яғни, сарбаздың санасын зерттейтін маман аз бізде. Білетіндерден сұрасақ, әскери психологтар Алматыдағы арнайы оқу орнында ғана дайындалады екен.