«Бір халық, бір ел, бір тағдыр» фестивалі өтті

488
Фестиваль қатысушылары

Диана Анарбекова – Көксәйек жарымжан балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің тәрбиеленушісі. 12 жасар жеткіншек осыдан 7 жыл бұрын қайғылы оқиғаға тап болып, еркін жүру мүмкіндігінен айрылған. Бірақ, Диананың бұл халі оның өнерге деген құштарлығына кедергі бола алмапты.

Диана Анарбекова: «Көңіл-күйім жақсы, Қазақстан биін биледік. Бұл би маған қатты ұнайды. Сахна төрінде де өзімді еркін ұстадым. Мен болашақта әнші болғым келеді, сондықтан бос уақтымда ән жинақтардан өлең жаттаймын.»

«Бір халық, бір ел, бір тағдыр» атты фестиваль осыдан 15 жыл бұрын бастау алған. Оған жыл сайын қосалқы және мүмкіндігі шектеулі мектеп-интернат пен облыстық «Дарын» мектептерінің оқушылары дәстүрлі түрде қатысады.

Ләззат Жұмабаева, көрермен:»Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, сахнаға шығып, өз өнерлерін ұсынды. Тәнті болдым. Сау адам жасай алмайтын ерлік деуге болады. Сондықтан осы өнерпаздарды үлкен сахналардан да көргім келеді. Қатысушыларға сәттілік тілеймін.»

Шара аясында шәкірттер ән салып, би билеп, көпшілік алдында өнерлерін паш етті. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, айтулы бастама мүмкіндігі шектеулі жандардың үлкен сахнаға шығуына жол ашады. Ал бұл жолғы фестивальдің қорытынды кеші өнерге енді ғана қанат қаққан жастолқынмен толғыуымен ерекшеленді.

Фестиваль қатысушылары
Фестиваль қатысушылары

Сәуле Сатыбалдиева, облыстық білім басқармасының мектеп олимпиадаларын өткізу орталығының педагог-ұйымдастырушысы: «Әрине, жарымжан жандар алғашында сахнаға шығуға қымсынып, ұялып жатады. Сол үшін біз шалғай ауыл-аудандарды аралап, оларға қолдау көрсетуге тырысамыз. Әндер жаздырып, үлкен сахнада өнер көрсетуіне мүмкіндік береміз. Шын таланттарды демеп, олардың көзқарасын өзгерту – біздің міндетіміз деп білемін.»

Айта кетейік, «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» фестиваліне облыс көлеміндегі 700-ге тарта оқушы қатысқан. Төрт мыңнан астам өнерпаз оқушы «Дарын» мектептерінен келіпті. Ал облыстық білім басқармасының басшылығы айтулы фестиваль келер жылы жалғасын табады деп жоспарлап отыр.