Кентауда «оқымысты отбасы» анықталды

490
Байқау үміткерлері

Кентауда «Үздік оқитындар әулеті» атты байқау болып өтті. Қалалық орталық кітапхана ұжымы ұйымдастырған байқауға жеті отбасы қатысып, «Сәлем – сөздің анасы», «Кітап және менің отбасым», «Таңғажайып кітап», «Ескірмейтін ескі сөз», «Халқын сүйген – салтын сүйер» атты бес кезең бойынша сынға түсті.
Сайысқа түскен отбасы мүшелері өздерін таныстырып, отбасы өміріндегі кітаптың алатын орнына тоқталды. Кітап және кітапхана туралы әңгімелеп, отбасылық әдеби шығармашылық жұмыстарын көпшілікке көрсетті. Отбасының сүйікті кітабының тұсау кесерін өткізген қатысушылар, қазақ мақал – мәтелдерін айтудан сайысты. Бата беру, қыз ұзату, келін түсіру және отбасылық дәстүр үлгілері бойынша сахналық қойылым көрсетті.

Байқау қызықты да, тартымды өтті. Әділ қазылар алқасының шешімімен Рысқұловтар әулеті «Сүйкімді әулет», Бейсеитовтар әулеті «Талантты әулет», Ерметовтер әулеті «Ынтымақты әулет» номинацияларын жеңіп алды.

Ал Хантағы ауылынан келген Оралбаевтар әулеті ІІІ орынды иеленсе, Қойшыбаевтар әулеті ІІ орын, Бүргемдік Алиевтер әулеті І орынның иесі атанды.

Бас жүлде салауатты өмір салтын насихаттаушы Берікқара әулетіне бұйырды.