«Ақ жол» партиясының ОҚО филиалындағы төрағасы ауысты

«Ақ жол» демократиялық партиясының облыстық филиалында кадрлық өзгеріс. Сайлаушылардың есеп беру конференциясында жетекшіліктің жаңа құрамы сайланды. Жиынды партияның лидері Азат Перуашев жүргізді.

Осылайша, партияның облыстық филиалын енді Әбдірахман Жүнісәлиев басқаратын болды. Ол алдағы Парламент сайлауында да кандидаттық тізгіннің бірін ұстамақ.

Сайлаушылардың есеп беру жиынының басынан-ақ, Ақжол партиясының облыстық филиалының бұрынғы төрағасы Алтынбек Кәттебеков өзінің бұл міндеттен босайтынын, кейінгі жастарға жол беретінін мәлім етті. Оның бұл шешімін партия лидері Азат Перуашев пен өзге де партия мүшелері қолдайтынын білдірді.

Алтынбек Кәттебеков, «Ақ жол» партиясының облыстық филиалының бұрынғы төрағасы: «»Ақ жол» партиясының негізгі қағидасы жетістікті көрмеу соқырлық, кемшілікті көрмеу жаны ашымағандық дегендей біз үлкен саяси жұмыстар атқардық. Соның арқасында біздің партияға көптеген адамдар келді. Оның жарқын мысалы ретінде Ханибибі Есенқара, Әбдіхан Сұлтанбеков, Әнуар Исмаилов, Қуатбек Әбдімұса сынды азаматтарды айта аламын. Осындай азаматтардың арқасында көптеген жетістіктерге жеттік».

Жиында сөз алғандар «А қжолдың» сара жолды ұстанып құрылғалы көрген әділетсіздіктері туралы партияның өзге де мүшелеріне әңгімелеп берді. Оның түйіні – бірлікке келу. Өздерін кешегі «Алашорда» партиясының заңды жалғасымыз деген азаматтар осылайша саясаттағы кейбір қитұрқылықтарға болашақта да төтеп беретініне сенімді.

Ханбибі Есенқара, ақын, «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі: «»Ақ жол» партиясын 10 жыл бойы басқарып, соның арқасында Парламент сайлауына түскен кандидаттың бірі менмін. Басқа депутаттардан ешқандай кемдігіміз болмаса да, біз «Ақ жолдың» мүшесі болғандықтан депутаттыққа өте алмадық.  Сол кездегі облыстың әкімі Сізден асқан депутат жоқ, Сізді депутат етіп сайлайық дегенде, мен оның өтеуі не екенін сұрадым. Сонда әкім маған қарап, «Отан» партиясына өтіңіз деді. Мен сонда «бүгін «Ақ жолды» сатсам, ертең «Отанды» сатамын. Сізге сатқын депутат керек пе дедім. Сол кезде бізде 12 партия бар еді. 2004 жылдары сол партиялардың облыстан сайланған кандидаттары депутат болу үшін партияларынан бас тартты. Сөйтті де депутат болып алды. Мен ғана халық қалаулысы бола алмадым. Мен бірақ ол мәселе жайлы өкінбеймін. Себебі, жаңағы депутаттарды 1,5 жылдан соң-ақ таратып жіберді. Менің айтайын дегенім, осы партияға мүше болдың ба, сатқындыққа жол берме!».

Жиында сөз алған Ханбибі Есенқара елдің экономикасы көтерілмей, тұрмысы түзелмейтініне көзінің жеткенін айтты. Сол себепті де «Ақ жол» партиясы қанша жыл ақшасыз болуына байланысты анау партия, мынау партиямен қосылып съездер өткізуіне байланысты жүйелі жұмыстың болуына кедергі келтіргенін де жасырмады. Партияның басына тұрақты басшы келгеніне қуанған Х.Есенқара алдағы уақыттарда жемісті жұмыстардың жасалатынан үмітті екенін де баяндады.