«Казкоммерцбанктің» ШФ-да алаяқтық фактілері анықталды

244

Облыстық прокуратура қызметкерлері банктің активтерін жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істің кезекті тергеу жұмыстарын аяқтады. «Казкоммерцбанктің» өз қызметкерлерінің кесірінен төлеуге қабілетсіз борышкерлердің сылтауымен 728 млн. теңгеден қағылған. Естеріңізге сала кетейік, даудың басы 2006-2007 жылдары несие алған борышкерлердің қарызын төлемей қойғандығынан басталған. Несиені рәсімдеген кезде жылжымайтын мүліктермен кепілдіктер жөнінде жалған ақпар беріп, өз кәсібін дөңгелетем деп көрсетіп, тіпті үй шаруасындағылардың атына да қомақты қаржы несиеге берілген.

Мұны анықтаған банк филиалының басшылығы ОҚО қаржы полициясы департаментіне шағымданған. Осы жылдың шілде айында тергеушілер 13 тұлғаға айып таққан. Оның ішінде банктен 204 млн. теңге жымқырған банктің екі менеджері мен бағалаушысы бар. Бірақ, несие рәсімдеуді жүзеге асырған банк алаяқтары айыппұл төлеумен құтылған. Қалғандары екі жылдан алты жарым жылға дейін бас бостандығынан айырылған болатын.Тергеу тобы мұнымен тоқтамастан, қаржылық қылмыстық шым-шытырықтың күрмеуін әрі қарай шеше түсті. Сөйтіп, 20 жағдай бойынша, 17 адамға қатысты жаңа қылмыстық іс қозғаған.

Облыс прокурорының аға көмекшісі Әшірбаевтың айтуынша, өрескел олқылық кеткен жылдары банк филиалына басшылық жасағандардың үстінен де қылмыстық іс қозғалмақ. Зайымшылармен ауыз жаласқан банк қызметкерелері де заң алдында жауап берері анық.