Жәрдемақы жарытып жүр ме?

281
Жәрдемақы жоғыңды жамай ма?

Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялаған ел. Біздің елімізде зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, оларды уақтылы төлеу, ана мен баланы, жалғыз басты қарттар мен мүгедектерді мемлекеттік қолдау, еңбекті қорғау мен өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әлеуметтік еңбек қызметкерлерінің алатын орны ерекше. Елбасымыздың тапсырмасымен әлеуметтік қамсыздандыруға үлкен қолдаулар көрсетіліп, қыруар қаржылар бөлінуде. Халыққа әлеуметтік қызмет көрсетумен облыстық, аудандық, қалалық әлеуметтік қамсыздандыру мекемелері мен кәсіпорындарында, оңалту орталықтарында мыңдаған қызметкерлер жұмыс істейді.
Әлеуметтік сала қызметкерлерінің жұмысы оңай емес.

Сол себепті де қазанның соңғы жексенбісі – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні деп белгіленіп, арнайы мереке болып отыр. Осы атаулы датаға орай, біз ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі ОҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының бастығы Әнуар Ілеспаевпен жүздескен болатынбыз.
– Әнуар аға, демографиялық өсімді бірінші орынға қойып отырған елімізде осы бала туылуына байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері қанша болып жатыр?
-«Қазақстан Республикасындағы балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңына сәйкес, бала тууына байланысты біржолғы берілетін жәрдемақы 2011 жылдың 1 қаңтардан бастап бірінші, екінші, үшінші бала туылғанда 45 360 теңге, ал төрінші және одан кейінгі балалар туылғанда 75 600 теңге төленеді. Егерде екі және одан көп бала туған болас, онда бала туғанда берілетін жәрдемақы әр балаға жеке тағайындалып төленеді. Ал туылған бала бір жасқа толғанға дейін, оның күтімі жөніндегі мемлекеттік жәрдемақы бірінші балаға – 8316 теңге, екінші балаға – 9828 теңге, үшінші балаға – 11 340 теңге, төртінші және одан кейінгі туылған балаларға– 12 852 теңге көлемінде төленеді. Жәрдемақының бұл түрін алу үшін, бала туылған күннен бастап 12 айдан аспайтын уақыт аралығында, яғни бала жасына толғанға дейін тұрғылықты тұратын жердегі мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына тиісті құжатарымен бірге жәрдемақы тағайындау жөнінде арызына сәйкес тағайындалады.
– Науқас адамдарға мүгедектік жәрдемақы қалай алуға болады?
– Азаматтардың денсаулығы нашарлап ауырдың белгілері болған жағдайда, емдеу мекемелері арқылы арнайы үлгіде берілген жолдамаға сәйкес, медициналық әлеуметтік сараптама комиссиясы шешім қабылдап мүгедектігімен мүгедектік топтарды анықтайды. Мүгедектігі анықталған жағдайда мүгедектік топқа және ауыру себебіне байланысты, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар алуға құқылы. Мүгедектігіне байланысты төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін анықтау үшін әр жылға белгіленетін күнкөріс деңгейің есебінен арнайы белгіленген коэфиценттер арқылы анықталады.
Үстіміздегі жылдың қаңтарынан жалпы ауыру салдарынан мүгедек деп танылған азаматтарға 1- топ мүгедектері үшін 22166 теңге, 2-топ мүгедектері үшін 17276 теңге, 3- топ мүгедектері үшін 12061 теңге көлемінде мемлекет тарапынан мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалатын болса, бұған қосымша мүгедектік тобына қарай 1-ші және 2-ші топ мүгедектері үшін 2158 теңге, ал 3-ші топ мүгедектер үшін 925 теңге көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.
Бала жасынан 16 жасқа дейін мүгедек деп танылған балаларға 16298 теңге көлемінде жәрдемақы төленетін болса, 16 жастан 18 жасқа дейінгі бала күнінен мүгедек балалар үшін 1-ші топтағы балаларға 22166 теңге, 2-ші топтағыларға 18091 теңге, 3-ші топқа 14180 теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.
Әлеуметтік төлемнің жаңа түрі 18-жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелейтін күтуші ата –аналарға, қамқоршыларға ай сайын төленетін төлем 15999 теңге көлемінде тағайындалады.
Егерде отбасында 18 жасқа толмаған екі немесе одан көп мүгедек бала болатын болса, мұндай жағдайда мүгедек баланы күтуші ретінде әр балаға 15999 теңгеден жеке-жеке жәрдемақы тағайындалады.
– Зейнеткерліке шығу мен есептелу тәртібіне толығырақ тоқталып өтсеңіз?
– «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру» Заңына сәйкес еркектерге 63 жасқа, әйелдерге 58 жасқа толғанда және еркектерге 01.01.1998 жылға дейін 25 жыл еңбек стажы болған жағдайда, әйелдерге 01.01.1998 жылға дейін 20 жыл еңбек стажы болған жағдайда ғана толық көлемде зейнетақы тағайындалады.
Осы заңының 9 бабы 3 тармағына сәйкес, 5 және одан көп бала туып, балаларын сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге, осы баптың 4 тармағы 2 тармақшасына сай 01.01.1998 жылға талап етілген 20 жыл еңбек стажы болған жағдайда 53 жасқа толғанда, жасына байланысты жеңілдік шартпен толық көлемде қарттық зейнетақы тағайындалады.
Заңның 9 бабы 2 тармағына сәйкес төтенше және барынша радияциялық қатерлі өңірлерде 1949 жылғы 29 тамыздан1963 5 шілдеге дейін кемінде 10 жыл тұрған азаматтар «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес:
еркектер -01.01.1998 жылға дейін жалпы жұмыс стажы 25 жылдан кем болмаған жағдайда 50 жасқа жеткенде;
әйелдер- 01.01.1998 жылға дейін жалпы жұмыс стажы 20 жылдан кем болмаған жағдайда 45 жасқа жеткенде зейнетақы тағайындалуына құқылы.
– Ал ең төменгі зейнетақының мөлшері қандай?
– Биылдан бастап, ең төменгі зейнетақы мөлшері 16 047 теңге, базалық зейнетақы мөлшері 8000 теңге мөлшерінде белгіленуіне байланысты, 2011 жылы тағайындалатын ең төменгі зейнетақы төлемінің көлемі 24 047 теңгені құрады.
– Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік салада күні-түні қызмет етіп жүрген азаматтарды рухтандырып, сауапты жұмыстарын жоғары сапалы деңгейде жандандырып атқаруына күш, жігер, қайрат қосатын осы мерекемен баршаңызды құттықтаймыз. Лайым еңбектеріңіз еленіп, еліміз тыныш болғай.

P.S. Әлеуметтік салаға байланысты басқа да сұрақтарыңыз болған жағдайда департаменттің мамандарымен 47-84-49, 47-84-51, 47-84-53 телефондары арқылы хабарласуға болады.