«Шын жүректен» ГАЗель автокөлігін сыйлады

377
Салтанатты түрде кілті табыс етілді

«Шын жүректен» акциясының ұйытқысы болған іскер әйелдерден құралған «Арулар» қалалық клубы кезекті қамқорлығын көрсетті. Қаламызға іргелес жатқан Көксәйек жарымжан балалар әлеуметтік-медициналық мекемесіндегі мүгедек жастарға қуаныш сыйлады. Жастайынан тағдыр тәлкегіне түскен оларға көмек қолын созған жомарт жандардың қатары қалың болыпты.

Гүлшара Сарсенғалиқызы, «Арулар» іскер әйелдер клубының төрайымы: «Біз бұл қамқорлық акциясын көктемде бастаған болатынбыз. Қаламызда жомарт жандар бар екен. Қолдарын созып, көмек берді. Біз «Арулар» бұл балаларды өз қамқорлығымызға алғанбыз. Үнемі келіп тұрамыз. Бүгін ерекше қуаныштарымен бөлісіп отырмыз».

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың мамыр айында бастау алған акция аясында арнайы аукцион ұйымдастырылған болатын. Онда жаны жаралы болса да, қолы шебер балдырғандардың түрлі тақырыптағы туындылары сатылымға түскен еді. Содан жыйылған қомақты қаржыға балалардың сұрауы сатып алынып, өздеріне салтанатты түрде табыс етілді. Мейірім, шапағатын балалардан аямаған аяулыларға балдырғандар дән риза.

Назым Алтынбек, мекеменің тәрбиеленушісі: «Еліміздің тұтқасын ұстап, біз сияқты балалардың жағдайын ойлап келген, аға-әпкелерге рахмет. Бізде өскенде дәл сіздердей болып, өзіміз сияқты көңілі жарым жандарға көмек көрсетеміз деп ойлаймын.Рахмет сіздерге».

Қуаныш сыйлай келген аға-әпкелеріне балдырғандар да базарлығын аямады. Бірі ән салса, енді бірі би билеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Соғылған шапалақтар «шын жүректен» болғандықтан, сахна төріндегі жарымжан балдырғандардың өнері өрлей кетті.

Иманәлі Амангелдиев, мекеме директоры: «Мен шын ниетімен біздің балдарға Газель керек деп айттым. Сол тілегіміз қабыл болып, бүгін салатанатты түрде су жаңа көліктің кілтін алдық.Балдардың қуанышында шек жоқ. Жомарттық танытқан азаматтарға шексіз алғысымызды білдіреміз».

Су жаңа көлікке асыға мінген бала көңілдің қуанышы, сейілмесін. Өмірге құштар жандардың тағы бір күні арулар арқасында ән мен жырға толды тағыда.