Жазушы, шежіреші Момбек Әбдәкімұлы 55 жасқа толды. Мерейтой иесінің құрметіне орай оңтүстікқазақстандық ақын-жазушылар Пушкин атындағы облыстық кітапханада бас қосып, өлкеміздің тарихы мен қазақ руларының шежіресі жайында жинақтаған жұмысының жай-жапсары талқыланды. Айта кету керек, Момбек Әбдәкімұлы — 1931-32 жылдардағы ашаршылық тақырыбында көптеген мақала жазған тұлғаның бірі.
Момбек Әбдәкімұлы, жазушы, шежіреші:» 1931-32 жылдары ашаршылық болды дейміз, бірақ неге Қазақстанда стихиялық түрде белең алды? Осыған көп адамдар терең үңіле бермейді. Галощекин оны 7 жыл бойы 5 бағыт бойынша дайындап келген. Қазір кезеңдер бойынша 7 кітаптың 5 -і дайын. Екеуі, Тәңір жазса, жақында бітеді.»
Момбек Әбдәкімұлы — елге алдымен шежіреші ретінде таныс. Ол он жеті жасынан бастап рулар шежіресін жинаумен айналысты. Жазушы Сіргелі Қарабатыр, Жаныс, Сиқым Құлайымбет, Жаныс Оймауыт пен т.б. қазақ рулары шежіресінің авторы. Сондай-ақ, бүгінгі күннің мәдениет пен дін құбылысын суреттеп қалам тербетті.
Байдулла Қонысбек, ҚР құрметті журналисті:» Біз Момбекпен 40 жыл бойы тілектес, ниеттес болып келеміз. 40 жыл бойы қаламның ұшында күн көріп келеміз. 40 жыл — өзіңді халыққа таныта білетін, сыйлата білетін кез. Осы 40 жылда мен Момбек мырзаны талай қырынан көрдім. Халықтан несін жасырамыз. Бұл жазушының, ғалымның, ақынның өткен жолдарын жасыру — бұл қиянат. Соның бәрінен сүрінбей өту, соның барлығына мойымай өту, соның бәрінен адамдық қасиетті алып өту — екінің бірінің қолынан келе бермейді. Міне, екінің бірінің қолынан келе бермейтін, үлкен тар жол тайғақ кешуді жеңіп шыққандардың бірі — Момбек.»