«Көмейден жырлар ағылсын» жыр-айтысы өтті

469
Бас жүлде Нұрлыбек Мейірманға бұйырды

«Наурыз Оңтүстіктен басталады». Көктемнің алғашқы күні Бәйдібек ауданында дәстүрлі айтыс жалғасын тапты. «Көмейден жырлар ағылсын» тақырыбы аясында өрбіген жыр бәсекесі биыл суырып салма ақын әрі күш иесі Балуан Шолақтың – 150, Орынтай Таймановтың – 140, Қазанғап Байболовтың – 125, мемлекет және қоғам қайраткерлері – Тұрар Рысқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың – 120 жылдығы мен жазушы Саттар Ерубаевтың 100 жылдығы және белгілі айтыскер Көпбай Омаровтың 85 жылдық мерейтойы құрметіне арналып отыр.

Ақындар айтысты, ә дегеннен-ақ, шенеуніктердің қызметін сынға алудан бастады. Жыр шумақтары қоғамдағы теңгенің құнын да айналып өтпеді. Бірақ жыр бәсекесінде қамшы салдырмай жүрген ақындарды шапалағы шабытты шақыратын көрерменнің аз болуы жабырқатты.

"Ең жас ақын" жүлдесімен Нұрдәулет Тілләбеков марапатталды
«Ең жас ақын» жүлдесімен Нұрдәулет Тілләбеков марапатталды

Айбол Жолдыхожаев, ақын: «Қобалжу болды, сахна – қай кезде де сахна. Бұған қоса қарсыластың тосыннан қандай уәж айтарын да білмей отырамыз. Мұндай кезде көрермен көп жиналса ғой. Өкініштісі, халық аз жиналды. Бірақ, бар өнерімді ортаға салып, ойымдағыдай айтысып шықтым деп ойлаймын. Егер қазылар алқасы оң бағасын беріп жатса, 2-ші кезеңде жақсы орамды ойларды ортаға саламын деген ниеттемін.»

Елдің қамын күйттеген 7 бірдей тарихи тұлғаға арналған айтыстың 2-ші кезеңіне 20 ақынның 8-і ғана жолдама алды. Айтпақшы, айтулы бәсекеде көрермен жаттанды өлеңге бой алдырып, ақтық сында тосылып қалған айтыскерлердің қадамына да куә болды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=cQa4cqIO8Ws[/youtube]

Кеңескүл Сәтбаева, көрермен: «Әр жылы жайма шуақ көктем келісімен айтысты күтеміз. Міне, жас ақындар жаңаша серіпіліс алып келіпті. Шындықты да айтып жатыр. Қуанып қалдық. Менің ойымша, ойы ұшқыр Гүлзия Қалымбетова 1-орынды алады. Маған айтқан өлеңдері қатты ұнады.»

Мағжан Сатыбалдиев, көреремен: «Шенеуніктерді, қоғамдағы шындықты айтқан ақындар ақтық сынға тағы да жолдама ала алмай қалды. Өкінішті. Және көрермендерге, яғни халыққа алдын ала хабарландыру берілуі керек еді. Айтысты күтіп, өлеңге шөліркеп жүргендер мұны естісе, өкпесі қара қазандай болатын болды».

«Көмейден жырлар ағылсын» өнер додасының ерекшелігі – көптеген жас ақындардың сахнаға алғаш шығып, өнерсүйер қауым алдында тұсауының кесілуі болды. Айтпақшы, сөз асылын саптаушы айтыскерлердің өнерін 4 адамнан құралған (Қазақстанның халық ақыны – Әселхан Қалыбекова, айтыскер ақындар – Маржан Есжанова, Біржан Байтуов, Анар Жаппарқұлова)  қазылар алқасы бағалап отырды.

Әселхан Қалыбекова, қазылар алқасының төрайымы: «Ең бірінші, жас ақындардың суырып салмалығына баса назар аударамыз. Ол тапқырлық танытып айтып отыр ма, әлде мынау теледидардан ұсынылатын айтыстың сөздерін жаттап алып айтып отыр ма – осының бәріне көп мән береміз. Себебі, қазіргі уақытта мынау көгілдір экраннан берілетін айтыстарды көріп алып, соның сөзін қайталап беретін ақындар да көбейіп жатыр. Мен қазылар алқасында отырғаннан кейін, соның тамырын тап басып, мұндайға жол бермеуіміз керек. Ал бүгінгі сайыста мен Серік Жұмаділ деген ақынның болашағынан үлкен үміт күтемін.»

Айтыстың бас жүлдесіне – 200 мың теңге сыйақы тағайындалған. Оны Бәйдібектің ақыны Нұрлыбек Мейірманов жеңіп алды. 1-орынды (80 мың теңге) Түлкібастың таланты Серік Жұмаділ иеленді. Екінші орыннан (60 мың теңге) шардаралық Қуаныш Тастанов көрінді. Ал 3-орынға (40 мың теңге) шымкенттік Дәурен Ақсақалов қанағат тұтты.

Бас жүлде Нұрлыбек Мейірманға бұйырды
Бас жүлде Нұрлыбек Мейірмановқа бұйырды

Нұрлыбек Мейірманов, бас жүлде иегері: «Осы айтысқа келер кезде менің көңілім тоқ болып келді. Алдын ала сезген жоқпын, бірақ сенімім басым болды. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Алда жоспар көп. Мәселен, алдағы өтетін «Наурыз» атты аламан айтысқа да үлкен дайындықпен барып, жақсы өнер көрсетуім керек.»

Айта кетейік, осы айтыстың жеңімпаздары республикалық «Наурыз» айтысына жолдама алды.