Сәбилердің біразы түрлі ақаулармен дүниеге келуде

362
Жүкті әйел

Жүйке жүйесі, сал-мүгедек дерті, жүрек-талма аурулары. Оңтүстікте жыл сайын 500-ге тарта бала осындай ақаулармен туылады. Бұл жөнінде өңіріміздің гинеколог -дәрігерлері мәлімдеп отыр. Айтуларынша, сәбилердің дүниеге мүгедек боп келуіне экология ғана емес, көбіне жүкті әйелдің күтімінің дұрыс болмауы да себеп.

Cевим Нәсіпұғлы
Cевим Нәсіпұғлы

Cевим Нәсіпұғлы жуырда алғаш рет ана атанбақ. Сондықтан қалалық емханаға қарасты әйелдерге кеңес беру бөлімінің көмегіне жиі жүгінеді. Дүниеге сау бала әкелуді қалайтын әйел ай сайын сынама тапсырып, толық медициналық тексеруден өтуді де әдетке айналдырыпты.

Севим Нәсіпұғлы: «Қазіргі жүктілік мерзімім – 7 айлық, мен өз балам үшін алаңдаймын. Сол үшін ай сайын өзімнің гинекологыма келіп, түсінбеген тұстарымды сұрап жатамын. Тіпті қоңырау шалып сұраймын. Мәселен, кеше УЗИ-ге тексерілдім, дәрігерлер бәрі жақсы деп отыр.»

Оңтүстікте аяғы ауыр әйелдердің дәрігерге қаралу дәрежесі төмендеп кеткен. Бұл өз кезегінде ақ халаттыларды алаңдатып отыр. Медицина мамандарының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде гинеколог дәрігерлер осы мәселені қаузады. Айтуларынша, қазіргі балалардың жүйке жүйесі, сал-мүгедек дерті, жүрек-талма ауруларымен туылуы жиілеген.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=EZ64hsNTRNM[/youtube]

Айгүл Сапарғалиева, облыстың бас акушер-гинекологы: «Баланың ауруының алдын алу үшін көптеген жұмыстарды қолға алдық. Жылына бірнеше рет жүкті болу, ананың күтінбеуі, жалпы жоспарсыз жүктілік – мұның бәрі баланың денсаулығына әсер етеді. Сондықтан қазір үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, аудан-қалаларды аралап, әйелдер қауымымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрміз.»

Дәрігерлер жүкті әйелдердің жағдайын талқылады
Дәрігерлер жүкті әйелдердің жағдайын талқылады

Ел аумағындағы әр бесінші бала Оңтүстікте дүниеге келеді. Соны ескерген дәрігерлер әйелдерге жоспарсыз жүктілікке бой ұрмауын ескертеді. Айта кетейік, соңғы үш жылда облыста ана өлімі анағұрлым азайғанымен, өмірге түрлі ақаулармен нәрестелер туылып жатыр. Бұған екіқабат әйелдің дұрыс күтімі ғана емес, қоғамдағы экологиялық ахуал да әсер етуде.