Шымкентте өткен инвестициялық көрме

507
Шымкентте ауқымды инвестициялық көрме өтті

Шымкентте Оңтүстіктің мүмкіндіктерін паш ететін ауқымды инвестициялық жобалар көрмесі өтті. Ауыл шаруашылығы, азық түлік өнеркәсібі, жеңіл, машина жасау, туризм, қайта қалпына келетін энергия көздері салаларындағы жүзден астам инвестициялық жобалар мен бизнес идеялар таныстырылды.

Шымкентте ауқымды инвестициялық көрме өтті
Шымкентте ауқымды инвестициялық көрме өтті

Шараға қазақстандық кәсіпкерлерден бөлек Ресей, Малайзия, Түркиядан да инвесторлар, шағын және орта бизнес өкілдері мен қаржы институттарының мамандары қатысты. Қатысушылар көрмеге тыңғылықты дайындалыпты. Жобаларды ұтымды көрсету мақсатында агро-инудстриалды аймақта өндірістік жылыжай кешенінің макеті де жасалыпты. Халықты жыл бойы көкөніспен қамтуға бағытталған жобаның тиімді тұстарын мамандар кәсіпкерлерге түсіндіруде.

Мұхтар Тұрабеков, Шымкент ӘКК басқарма төрағасының орынбасары: «Жоба – баршамызға тиміді. Ірілендіру арқылы инфроқұрылым шығынын азайтуға болады. Оған қоса көлемді жылыжайдың өнімі Оңтүстік өңірінен бөлек өзге де аймақтарды көкөніспен қамтуға мүмкіндік береді. Артып жатса экспортқа да шығаруға болады.»

Арыс қаласының кәсіпкерлері сауда-логистикалық орталықтың жобасын ұсынды. Бұл ойлары жүзеге асса, көршілес Ордабасы, Отырар, Шардара аудандарының тұрғындары азық-түлікпен делдалсыз толық қамтылмақ. Көрме барысында ауыл шрауашылығы, азық-түлік өнеркәсібінен бөлек металлургия, энергия көздері, туризм салаларындағы жүзден астам инвестициялық жобалар мен бизнес идеялар таныстырылды.

Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары: «Біздің өңіріміздің мүмкіндіктерін паш ететін мұндай көрме республика бойынша Шымкентте бірінші рет ұйымдастырылды. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда облысымыз көш басында келеді. Облыс әкімдігі тарапынан бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысы да үлгі тұтарлық. Бүгінде  қала, аудандарда индустриалдық аймақтар бой көтерген. Инфроқұрылым да тартылған. Өз ісін ашып, оны дамытамын деген азаматтарға барлық мүмкіндіктер жасалған. Болашағы бар жобаларды қаржыландыруға дайынбыз. Кеңес беруге кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары, екінші деңгейлі банктер дайын.»

Елге танымал ғалымдар ұмыт қалған қаракөл өнімдерін қайта жандандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарын көпшілікке ұсынды. Жас кәсіпкерлер де аға буын өкілдерінен қалыспауға тырысты. Шымкенттік Вячеслав Матронин желден арнайы құрылғы арқылы электр қуатын өңдеуге жасаған жобасы «Экспо -2017» көрмесіне қатысуға лайықты дейді. Айтпақшы, туризм саласында да игі бастамалар жеткілікті. Мәселен, Түлкібастық кәсіпкерлер ауданда экологиялық туризмді дамытуды қолға алған.

Марат Ысқақов, кәсіпкер: «Экологиялық туризмге қызығушылық танытуда. Ағылшындар іскерлік қарым-қатынас орнатуға дайын екендерін айтты.»

Инвестициялық көрме аясында ОҚО аумағында іске асатын, жалпы сомасы 40 миллион АҚШ долларын құрайтын жобалар бойынша құжаттарға қол қойылады деген үміт бар.