Төлебиде битум зауыты ашылды

Төлеби ауданында «Газпром Нефть» компаниясының битум шығаратын зауыты ашылды. Оңтүстіктің нарығында 2008 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан кәсіпорын 2012 жылы ресейлік компанияның иелігіне өткен болатын.

Битум зауытыРесейлік компанияның ұйытқы болуымен іске қосылған бұл зауыт Қазақстан бойынша битум шығаратын 4-ші өндіріс орны. Былтыр 50 мың тонна битум өндіріп, биыл оның көлемін екі еселеуді жоспарлап отырған зауыт жетекшілігі мекемені жаңғыртудан өткізуді ойластырып отыр. Толық қуаттылыққа жеткенде мұндағы жылдық мөлшер 280 мың тоннаны құрамақ.

Дмитрий Орлов, «Газпром Нефть» АҚ-ның департамент басшысы: «Біздің компаниядан шығатын битумның сапасы Қазақ-Ресей стандартына сай. Негізгі тұтынушыларымыз Оңтүстік Қазақстан облысы болғандықтан, осы жердің шикізатқа деген сұранасын қанағаттандырғымыз келеді. Зауытта жұмыс істейтін 85 жұмысшының 70-і жергілікті тұрғындар.»

Үздік елдердің отыздығына енуді мақсат тұтқан Қазақстанның құрылыс алаңына айналғанын ескерсек, күн өткен сайын битум шикізатына деген сұраныстың артқанын байқаймыз. «Батыс Европа-Батыс Қытай» автодәлізінің өзіндегі жұмыс ғасыр құрылысына татиды. Бұдан бөлек еліміз 2020 жылға дейін 30 мың шақырым жолды жөндеуден өткізуді болжап отыр. Ал бұған 4 миллион тонна битум өнімі қажет екен.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=p0gclGpQdgc[/youtube]

Мереке Пішембаев, ҚР көлік және коммуникация вице-министрі: «Елімізде жыл сайын битумға деген сұраныс артуда. Осыған дейін Ақтау, Павлодар мен Алматыда ашылған битум зауыттарының Шымкенттен де бой көтергені қуантады. Өнім сапасы үнемі қадағалауда болады. Оны біздің мамандар бақылауда ұстайды.»

Екі жақты пайданы көздеген қос тарап ортақ меморандумға қол қойды. Енді еліміздің көлік және коммуникация министрлігі мен «Газпром Нефть» компаниясы шикізаттың осы түрі бойынша тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын болады. Ал инвестор ресейлік компания 2020 жылға дейін 1,5 миллиард теңгенің қаржысын осы өндіріс орнына жұмсамақ.