Үш майданның қаһарманы

Замедин Мүтәлиев
Замедин Мүтәлиев
Замедин Мүтәлиев

Елге барған сайын қайсар да, қуатты, өзі де, сөзі де ширақ, ойы сергек осы қарияны көруге, қолын алып, амандасып, бір сәтке болса да қасында тұрып әдемі, ақылды сөзімен бәтуәлі батасын алуды құмартып тұрамын. Бүгін де дәл осындай жағдайда абыз ақсақалдың тарамыс тартқан қолын алдым.

– Шырағым Балжанбысың, қалың қалай? Астанаға жақындаусыңдар ғой, Шымкентіңде не жаналық, – деп мені бірден таныды.

Замедин қария есік алдындағы кең сәкіде отыр екен. Қасынан орын ұсынды.

Ата, жағдайымыз жақсы. Шымкент орнында. Жыл сайын жасарып, жаңарып, көркіне көрік қосып, әсем қалаға айналып келеді, – дедім қасына жайғаса отырып.

– Ия, Шымкентке балалардың қасына қоныс аударғалы жатырмын. Тоқсанның шідері тоғыз қадам аттатпай тұсаулап тұр ғой, қарағым.

– Ата, тоқсанға келсеңіз де тыңсыз ғой. Балаларыңызға айтсаңыз, машинамен алып барып, алып қайтады емес пе? – дедім қарияның көңілін көтеріп.

– Жеңіс – мен үшін аса қасиетті күн. Осы күн жақындаған сайын жүрегім лүпіл қағып, аман-есен жетсем екен деп асыға күтемін. Дәл сон-а-ау кездердегі, тура қан майдандағыдай, – деп Замедин қария қолындағы едәуір көлемді орамалымен бет-аузын бір сүртіп, үнсіз қалды.

– Сіздей ер азаматтардың арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткіздік. Биліктегілер тарапынан қамқорлық көріп тұратын шығарсыз?

– Қамқорлық сол зейнетақымды уақытылы әкеліп тұрады. Одан артық не керек? Бала-шаға аман болсын. Фашистердің қолынан қаза тапқанымда бұл күніме де жете алмас едім. Құдайға шүкір, көретін жарығым бар екен. Ендігі тілек бейбіт заман болсын. Ынтымақ пен бірлік болса, тірлік оңға басады. Тәуелсіздіктің де дәмін татып, шайын ішіп отырғанымызға ширек ғасырға таяп қалды. Алдағы арман ұрпағымыздың аман болуы, бейбіт заман болуы, Жеңістің жетпісін көзбен көріп, немене-шөберелермен бір дастархан басында тойлау.

Қарттың, Ұлы Отан соғысы ардагерінің салиқалы сөзіне еріксіз риза боласың. Көрікті көңілден шыққан көркем сөздер қарияның көпті көргенін, көргендерін көңіліне мықтап түйгендігін, оның үстіне білімділігі мен білгірлігі жоғары екендігін дәлелдеп тұрғандай.

Замедин Мүтәлиев 1943 жылы қазан айында әскер қатарына шақырылады. Өзбекстанның Каттақорған қаласында бір жыл даярлықтан өтіп, 1944 жылы үшінші Беларусь майданының 51-дивизиясының 48-атқыштар полкінің құрамында Витебск, Вильнюс қалаларын азат етуге қатысып, қан майданның ортасында болады. Өмір мен өлім айқасқан қанқұйлы кезеңдердің бәрінде де ол ерліктің үлгісін көрсетіп, майдангер қаруластарына Отан қорғауда үлгі. Жеңісті Пруссияның Кенигсберг қаласында қарсы алады. Замедин қария Кенигсбергтен Жапон соғысына аттанады. Порт-Артур қаласы үшін шайқаста жапондарды тізе бүктіріп, 1946 жылы елге оралды.

Ол Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлық ерлігі үшін Қызыл ту, Ұлы Отан соғысынан бірінші және екінші дәрежелі ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті азат еткені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Замедин ақсақал бейбіт еңбекке араласқан шағында да халқының қалаулы, елінің елеулі ұлдарының қатарында болды. 1946 жылдан зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін, яғни 1984 жылға дейін Шардара ауданының Достық ауылындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет етті. Ағарту ісінің үздігі.

– Жастарды ілім-білімге үйрету, Отансүйгіштікке баулу, еңбекқорлықты, адалдық, тазалық, әділеттілік сияқты тәлім-тәрбиесі мол әдет-ғұрыптарды санасына ұқтыру, «Үлкенге – құрмет, кішіге-ізет» деген ұлағатты сөздің мәнін түсіндіру ұстаздардың ұлы ісі екендігін еш уақытта ойымнан шығармай, әр сөзімді айтқанда оларды жадымда мықтап сақтадым, – дейді майдангер ұстаз.

Замедин Мүтәлиев қартайдым деп қол қусырып, үйінде отыра қойған жоқ. Оқушылар арасында жиі болады. Олар да өздері келіп, аталарының әңгімесін тыңдап, кейбір жұмыстарына қолғабыс жасап, көмектеседі. Кей кездерде Замедин қарияны аудан орталығы – Шардара қаласындағы мектеп оқушылары мен жастар арасынан да көріп қаламыз. Көп жылдар Достық ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы болды. Ауылдастары ақсақалдың әрбір ісіне сүйсіне қарап, аталарының амандығын Алладан тілейді. Мұндай құрмет екінің біріне бұйыра бермегендігін Замедин ата үнемі айтып отырады.

«Бес ұлым мен екі қызымнан тараған ұрпақтардың мерейімді өсіріп, беделімді биіктетіп отырғанына мың мәрте тәубе», дейді ақсақал екі сөзінің бірінде.

Қариялар әсіресе, Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады. Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай жеңіп, тауын шағып, туын жығып, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ащы болса да, туғаны бар халық үшін қуаныш әкелді. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін тарих ұмытпайды.

Балжан Әліпбек

Оңтүстік Қазақстан облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары