Мақта алқабында терім басталды

Биыл Мақтаарал ауданындағы 136 мың гектар суармалы жердің 101 мың гектарына ақ алтын егілді. Қазір 20 күннен бері терім басталды. Алғашқы терімнің өзінен 106 мың тонна шитті мақта жиналды. Орташа өнімділік 22-23 центнерді құрап отыр. Дегенмен, шаруалар екінші терімнен де мол өнімді күтеді. Мол өнім алып жатқандардың бірі Нұрша шаруа қожалығы. 15 гектар алқаптан 170-200 тонна ақ алтын алу жоспарлану үстінде. Терімшілер бұл мақталықтан күніне орта есеппен 10 шақты тракторға шитті мақтаны артып жібереді.
Мұндағы өзекті мәселелердің бірі субсидия ретінде берілген қаражаттың жеткіліксіздігі. Шаруалар 12 мың теңге ақ алтынның әр гектарына аздық етеді дейді. Өйткені шығыны көп. Тұқым алу, суару, дәрілеуден бөлек, терімшілердің де табан ақысын беру керек дейді шаруалар. Қазір алқапта еңбек еткендер мақтаның әр келісін 20-25 теңгеден теру үстінде.
Қабылдау пунттерінде де қызу еңбек. Жаңа дәуір пунктінде күніне 50-70 тонна мақта жиналады. Қазір мұндағылар 700 тоннаны қабылдап үлгеріпті.
Негізгі науқан болғандықтан, ақ алтынның бағасы әр түрлі құбылып тұр. Алғашқы терім басталған шақта мақтаның келісін 104 теңгеден қабылдаған болатын. Кейіннен 107 теңгеге көтеріліп, қазір 105 теңгеге тұрақтағандай болды.
Мамандар мен шаруалар мақта бағасы тағы да өзгеруі мүмкін дейді. Дегенмен, олар желтоқсан және қаңтар айларында ақ алтын құны көтерілетініне сенімді.Сондықтан шаруалардың біразы мақтаны әзірге қоймада сақтауды жөн көріп отыр.[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=GkFeXhfttgI[/youtube]