Электронды оқыту жүйесінен ұтатынымыз бар

212
Альбина Елшиева

Елімізде білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі «e – learning» электрондық оқыту жүйесін енгізу болып табылады. Жаңа жүйеге бірден болмаса да, біртіндеп көшетініміз ақиқат. Әзірге, Астана, Алматы мен Қарағанды қалаларының 44 білім беру мекемесі электронды оқыту жүйесімен қамтылып отыр.

ОҚО-да аталған жүйе бойынша 90 мектепке зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 13 Шымкент қаласы, 77 сі басқа аудандарда орналасқан білім ұялары. Ал келесі 2012 жылы өңіріміздегі 180 мектеп қосылады деп күтілсе, 2020 жылға дейін облыстағы барлық 1017 білім ұяларына толықтай злектрондық оқыту жүйесіне (қашықтықтан оқыту жүйесі) өту жоспарланып отыр.

Альбина Елшиева, ОҚО білім беру басқармасының бастығы:
– 2020 жылға дейін еліміздегі мектептердің 90 пайызы электрондық оқыту жүйесіне ауыстырылады деп күтілуде. Біздің облыста бұл көштен қалмайтын болады. Әлемдік тәжiрибелер оң нәтижесін берсе неге бұл көшке ілеспеске. Біздің оқушылар кез-келген білім беретін мәліметті кез-келген уақытта алуына қол жеткізетін болады.

Электрондық оқыту жүйесі арқылы ауыл және қала мектептеріндегі білім деңгейлерін теңестіріп, ойлау қабілеті жоғары және технологиялық сауатты оқушыларды дайындай аламыз. Мемлекеттік бағдарламаның осы бағытын іске асыру шеңберінде әрбір білім беру ұйымы сандық білім беру ресурстарымен, жылдамдығы 4-10 Мбит/сек болатын кең жолақты Интернетпен қамтамасыз етіледі.

Мұғалімдер мен оқушылар ең үздік әлемдік білім ресурстарын пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы ең жаңа үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Осыдан біраз жылдар бұрын жаңалық енгізу туралы сөз болса, жатырқай қарайтынбыз. Ал қазір сол енгізіле жатқан жаңалықты жақсылыққа балап, тез үйреніп кетуге тырысамыз. Өйткені етіміз, жаһанданудың жалпы ережесіне үйреніп, көштен қалмауға тырысып бағамыз.