Шымкентте жеке куәлігінде тек тегі ғана жазылған азаматша бар

Аты-жөні жоқ азаматша

Азамат екенін растайтын жеке куәліктегі – оның тегі ғана. Дәл осындай құжатпен бұрынғы Ауғанстан азаматы,  бүгінде Шымкент қаласының тұрғыны Хадиташ бірнеше жыл өмір сүріп келген. Ал оның негізгі есімі Хадиша, тегі – Хадиташ.

Рахматулла Халниязұылының өміріндегі күрделі кезең осыдан жеті жыл бұрын, яғни оның жұбайы жеке куәлік алғаннан бастап басталған. Алғашқыда Атажұртыма келдім деп қуанған ауғанстандық отбасы рәсімдеген әрбір құжатын бір мерекеге балайтын. Мерекелік көңіл-күй ерлі-зайыптылар құжаттарына аса назар аударғанда бұзылыпты.

«Жұбайымның куәлігіне қарап отырып, онда оның аты мен әкесінің аты жазылмағанын көргенде дереу көші-көн полициясына хабарластым, – дейді ерекше құжат алған әйелдің жұбайы Рахматулла Халниязұлы, – Ал ондағылар болса – сен Қазақстанда тұрасың, жеке куәлік те Қазақстандікі. Демек, бұл ретте ешқандай мәселе туындамайды деді. Міне сол кезден бастап құжатымызды реттеудің әлегімен жүрміз. Осы күнге дейін АХАТ-тағылар мен көші-қон полициясы екі реттен бас тартты».

Р.Халниязұлының түсіндіруінше, отбасының сотқа жүгінуі де көмегін бермеген. Барар жері мен баспаған тауы қалмаған ерлі-зайыптылар тәуелсіз заңгерлердің де кеңесіне жүгінген. Жағдайдан хабарланған құқыққорғаушылардың өзі де бұл жәйтқа таңданысын жасыра алмапты.

«Жеке куәлік дегеніміз не? Бұл азаматты куәландыратын құжат, – дейді ОҚО Тәуелсіз заңгерлер» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дінмұхаммед Қылышбаев. – Ал бұл құжат нені куәландырады? Бар болғаны әйелдің тегі бар екенін ғана ма? Өте таңқаларлық жағдай». Осылайша таңданыстарын жасыра алмаған заңгерлер де зәбіршегушілерге көмек қолын созатынына уәде берді.

Мұндай сөзді құжаттандыру және азаматтарды тіркеу бөлімі де айтты. Алайда, осы бөлімнің жетекші маманы Еркеш Қажығалиева құжаты қате толтырылған отбасы ең алдымен, көші-қон қызметінің мұрағатын ақтаруы керек. Сөйтіп, бұрынғы құжат қай мерзімнен бастап қате толтырылғанын білуілері шарт. Өйткені, оралмандарға арналған жеке куәлік көші-қон құжаттарына негізделіп жасалады екен.