Жұмыс табамын деген жасқа қол ұшын беретіндер бар

Оқуды тамамдап, белгілі бір мамандық иесі атанғаннан кейін жастар қалай жұмысқа тұрады? Елімізде жұмыссыздардың саны көбеймеуі үшін қандай әрекеттер жасалып жатыр. Осы жайында ой бөлісу үшін » Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық қоры жұмыспен қамтуға қатысты азаматтарды шақырып, дөңгелек үстел ұйымдастырды.

«Жастарды жұмысқа орналастыруда білім мен мәдениеттің маңызы» деп аталатын жиынын «Жастарды жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық қоры «Бота» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырды. Өйткені, әлемдік экономикалық және қаржылық дағдарыс дәуірінде жұмысқа орналасу Оңтүстік Қазақстан облысында жас мамандар мен жоғары оқу орындарын бітірушілер арасында көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр.

Оған еңбек нарығы мен дәстүрлі білім беру ұсынысы арасындағы алшақтық өз ықпалын тигізуде. Сол себепті бұл шараның мақсаты – жоғары білім беру мен кәсіптік бағдарды талқылау. Сондай-ақ жұмыс берушілердің бітірушілер мен жұмыссыз жастарға қоятын талабы мен мүдделі тараптардың өзара әркеттестік жолы арқылы ұсынымдар жасалынды.

Үкіметтік емес ұйымдар – жұмыспен қамту жобалары бойынша жұмыс жүргізіп келеміз деді. Олар бас қосуда ең бастысы жоғарғы сынып оқушыларын еңбекке баулу, заң, құқықтық сауатын ашу, жұмыс іздеген жан өзі туралы мәліметтерді, түйіндемені дұрыс толтырып, жұмыс берушімен әңгімелесуін үйретеуде үкіметтік емес ұйымдар семинар тренингтер өткізіп келетіндігін жеткізді.

Жалпы облыс тұрғынының 31 пайызын жастар құрайды. 2011 жылғы жұмыссыздар саны, бағалау бойынша, 69,4 мың адамды құраған.Биыл жұмыспен қамту орталығының мәлімдеуінше, өңірімізде әлеуметтік жобалар аясында 6372 адам жұмысқа орналасқан. ОҚМУ-н алсақ, 2012 жылы 83 мамандық бойынша 2839 маман диплом алады. Университеттің карьера бөлімінің өкілі оларды жұмыспен қамту бағытында «Дипломмен ауылға», т.б. бағдарламалармен етене таныстырып, түйіндеме жазуды үйретіп келеді екен.

 Елена Швецова, «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» ОҚО бойынша қоғамдық қорының төрағасы: » Мәселен, №5 кәсіптік лицейі іс-қағаздармен жұмыс жүргізетін маман қажет деп хабарласты. Бізде бар мәліметпен жастарға хабарластық. Ешкім 17 мыңға таңғы сағат 9-дан 18.00ге дейін жұмыс істегісі келмеді. Бір қызды таптық соңында, келісе кетті. Жақында жағдайын білуге хабарласқан едім. Қазір оның еңбегі бағаланып, айлығын 25 мыңға көтерген».

Жиналғандарды толғандырған тағы бір мәселе мектепті бітіруші түлектердің дұрыс мамандық таңдамауы болды. Өткен жылы жұмыспен қамтылудан бөлек, 15 алтын белгі иегерлері мемлекеттік грантқа ие бола алмаған. Педагог мамандарына мәселен, бос орын табу қиын.

Жиында жастарға да сын айтылмай қоймады. «Бірден көп қаржы табуды көздемей, алдымен шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтаса, бір жерде тұрақты жұмыс істесе, біртіндеп дәрежесі де айлығы да көтеріледі. Ағаш бір жерде көгереді емес пе? Ал жұмыс іздеп келгендердің барлығы дерлік бірден қомақты айлық беретін жерді іздейді» деді жастармен жұмыс жүргізгендер.

Осы жолда 2005 жылы құрылған «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық белсенділерінің еңбегі ерен. Биыл олар 500 жастың ішінен 300-ін тегін компьютерлік курстарда оқытып, заң тұрғысынан сауаттылығын арттырыпты. 25 азаматты жұмыспен қамтып, 40 жас курстардан кейін өздері жұмыс тапқан.

«Бірге көтерген жүк жеңіл» деп жұмыспен қамту саласында еңбек етіп жүргендер іске жұмыла кіріссек дейді. Олар арамызда байланыс болсын деген тілек айтты. Ал қоғамдық ұйым өкілдері тіпті, жастар мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс болсын деп «Жұмыс таптым.кz» электронды сайтын да ашып, 2012 жылы жобаны іске асыруды жоспарлап жатқанын жеткізді.