Шымкенттік жастар өз еріктерімен қан тапсырды

360
Шымкенттік жастар қанға зәру науқастарға көмек қолын созды
Шымкенттік жастар қанға зәру науқастарға көмек қолын созды

Бүгін шымкенттік жастар тағы бір игілігі мол, қайырымдылық шараның бастамашысы болды. Анығырақ айтсақ, облыстық қан орталығына жиналған жастолқын өміріне араша сұраған жандарға көмек қолын созды. Өңіріміздегі жоғарғы оқу орындарының 64 студенті мұқтаж жандарға қан өткізіп, замандастарына үлгі көрсетті. «Жақыныңа жәрдемдес» атты акция аясында жүргізілген бастамаға жастардың өздері ұсыныс білдірген. Айта өтейік, жастардың мұндай маңызы мол шараға белсене атсалысуына «Шымкент жастары» мемлекеттік коммуналдық мекемесі ұйытқы болып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олардың өз еріктерімен қан тапсыруы алдағы уақытта жалғасын табады.

Ерлан Айтбаев, «Шымкент жастары» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры: «Ия, адам өміріне араша болу – ерлік дер едім. Студенттер қаржы жағынан көмектесе алмағанымен, қан тапсырып қолынан келгенінше жәрдемдерін аяп жатқан жоқ. Бастысы, бұл шара жастардың өз еріктерімен келуімен ерекшеленіп отыр. Бұл да болса еліміздің ертеңі – жастардың жәрдемі ғой. Алдымен дәрігерлер қарауында болып, жақсылап тексеріліп, денсаулығы жараған жағдайда ғана қан тапсырып жатыр. Сондықтан, бұл шараны қауіпті деп қарастырмау қажет. Дәрігерлер рұқсат берген жағдайда, тізімге ілініп кезекпен-тапсырып шығуда. Мен де тапсырдым, себебі өзгенің өмір сүруіне үміт сыйлау үшін. Мұнда тек жоғарғы оқу орындарының студенттері ғана емес, оқытушыларының да келіп белсенділік тантықанын көріп қуанып тұрғанымды айтқым келеді».

Талай жанның өмірін сақтап, науқастардың денсаулықтарын түзетуге үлкен үлесін тигізетін игі іске атсалысқан жастар денсаулығы алдымен дәрігерлердің жіті тексеруінде болды. Салмағы мен бойдың тепе-теңдігі сақталмаса, қан құрамындағы гемоглбиннің саны артып немесе кемісе, қан қысымының көрсеткіші дұрыс болмаған жағдайда, сондай-ақ ауыр дене жарақаттары (оның ішінде ұшық та бар) табылса міндетті түрде қан алудан бас тартылады. Денсаулығы тексеруден өтіп, жарамды болған жағдайда тиесілі мөлшердегі қанның алынуына рұқсат беріледі.

Ерлан Құрбанходжаев, дәрігер-терапевт: «Қаламыздың жастары белсенділік танытып, өз еріктерімен арнайы келіп, кезек күтіп қан тапсырып жатқаны жарасып-ақ тұр. Бұған қарап-ақ олардың ел болашағына алаңдайтынын байқаймыз. Дәл қазіргі уақытта қанға тапшы екеніміз жасырын емес. Себебі, бүгінгі қоғамда аурудың түрі көп. Кей кездері аяқ асты апатты жағдай орын алған сәтте науқастың туыстары қан іздеп шарқ ұратын кездер жиі болып жатады. Міне, сондай зәрулікте бұл тапсырылған қан таптырмас көмекші. Ал мұнда келіп, жәрдемдесіп жатқан жастар денсаулықтарына алаңдамай-ақ қойса болады. Ағзасын толығымен тексеруден өткізіп, денсаулықтары жақсы болса ғана біз қанды қабылдауға құқымыз бар. Ендеше, бүгінгі келген жастардың ішінде 7 адамнан қан алуға бас тартып отырмыз. Себебі, денсаулықтары талапқа сай келмейді».

Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, Отанына, еліне, рухани-адамгершілікке, патриоттық сезімдерін, адамгершілігін нығайту, донорлықты дамыту барысында қолға алынған шараға келген жастар жүзінен мейірімділік байқалды. 20 жасар Зиевиддин Ақбаралиев қан беріп, көпшілікке көмектесетініне қуанышты.

Зиевиддин Ақбаралиев, студент: «Мен бүгін тобыммен бірге келіп, қан тапсырып жатқаныма қуаныштымын. Өйткені көмекке зәру адамдарға қаржы жағынан қолымды соза алмағаныммен, қан тапсырып, өмір сүруіне өзіндік себімді тигізуге тырысып жатырмын. 450 грамм қан тапсырдым. Әрине, осылайша баршамыз бір кісідей атсалыссақ талай жанның өмірін құтқара аламыз деген сенімдемін. Денсаулығым жарап тұрса, неге өзгелерге көмектеспеске?! Мұнда келген замандастарым да кезекке тұрып, қан тапсыруда. Менің ойымша, адамға адам көмектесуі керек. Алла сақтасын, алайда мұндай ауыр жағдайға кез келген адамның түсуі мүмкін ғой. Сондықтан, қолдан келген көмекті аяудың қажеті жоқ. Жалпы айтқанда, мемлекетіміз, шаңырағымыз бір елде болғандықтан бір-бірімізге көмек қолын созып, құрметтеу маңызды. Сонда ғана біздің болашағымыз жарқын болмақ. Сонымен қоса, келген замандастарыма риза болып отырмын. Білуімше, мұндай шараларға жастар көп келе бермейтін. Ал бұл жолы шымкенттік жастар белсене атсалысып отыр. Бұл деген – жастардың міндетін жауапкершілікпен сезінуі дер едім».

Қала жастары осындай маңызды бастамаларды қолға алып, қоғамға өзіндік көмектерін көрсетіп жүр. Ал «Шымкент жастары» мемлекеттік коммуналдық мемлекттік мекемесінің белсенді жастары алдағы уақытта донорлық көмек артады деген сенімде.