Елдегі жаңа кәсіпорындардың үштен бірі – Оңтүстікте

Аудан әкімдерінің есебі аяқталысымен облыстың бірінші басшысы Асқар Мырзахметов өткен аптаның сәрсенбісінде 2013 жылы атқарылған жұмыстарының есебін берді

Аудан әкімдерінің есебі аяқталысымен облыстың бірінші басшысы Асқар Мырзахметов өткен аптаның сәрсенбісінде 2013 жылы атқарылған жұмыстарының есебін берді. Таяуда ғана ашылған «көрме орталығында» ұйымдастырылған жиынға облыстың барлық деңгейдегі мекемелерінің басшы-қосшылары мен ардагерлер, қоғам қайраткерлері және арнайы сұрақ қою үшін аудандардан келген тұрғындар қатысты. Ресми есепке сенсек, облыс әкімінің есебіне 850-ден аса адам қатысқан. Мұны Асқар Исабекұлының өзі айтты. 

Аудан әкімдерінің есебі аяқталысымен облыстың бірінші басшысы Асқар Мырзахметов өткен аптаның сәрсенбісінде 2013 жылы атқарылған жұмыстарының есебін берді
Аудан әкімдерінің есебі аяқталысымен облыстың бірінші басшысы Асқар Мырзахметов өткен аптаның сәрсенбісінде 2013 жылы атқарылған жұмыстарының есебін берді

А.Мырзахметов әуелі жалпы өңірлік өнім көлемінің рекордтық өсімінен бастады. Алдыңғы жылы ғана 1 трлн теңгеден астам көрсеткішпен аяқтаған Оңтүстік Қазақстан облысы 2 жыл өтер-өтпес 2 трлн теңгелік өнім өндіріп, республикадағы осындай үлкен көрсеткішке жеткен санаулы облыстардың бірі болып отырғанын мақтанышпен жеткізді. Индекс бойынша өсім 6%-ды еңсеріпті. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда 1-2 пайызға артық. Ең бастысы – межеленген мақсатты көрсеткішке қол жеткен. Яғни, бұл дегеніңіз әкімдік ведомствосының тыңғылықты, жоспарға сай жұмыс істегенін көрсетеді. 

Ал енді жеке-жеке салалардың жетістігіне тоқталып өтсек. Өткен жылы облыстың кәсіпорындары 552 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 55 млрд-қа артқан. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы және өндірістің кеңеюі есебінен 28315 жұмыс орны ашылыпты.

415,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 25%-ға артқан. Шағын бизнестің инвестициясы 20%-ға өскен. 

Ресми есепке сенсек, облыс әкімінің есебіне 850-ден аса адам қатысқан
Ресми есепке сенсек, облыс әкімінің есебіне 850-ден аса адам қатысқан

Индустриаландыру картасы аясында 46 жоба жүзеге асырылып, 3637 жұмыс орны құрылыпты. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 17 жобаға, 1411 жұмыс орнына артық деген сөз. Асқар Исабекұлы елімізде жаңадан іске қосылған 135 кәсіпорынның 34%-ы күнгейдің үлесінде екенін ерекше атап өтті. Расында да 34% дегеніңіз үлкен көрсеткіш. Елдегі жаңа кәсіпорындардың үштен бірі. Ал, Индустриаландыру картасына 170 жоба енгізіліп, саны бойынша республикада ең жоғарғы көрсеткішті құрап отыр екен. Бағдарлама барлық аудан, қалаларды қамтып, жобалардың 65%-ы ауылдық жерлерде жүзеге асқан, әлі де асырылып жатқандары бар.

Облыс әкімі баяндаған маңызды салалардың бірі бюджеттік – салықтық саясат болатын. Бұл тұста да өсімнің бар екенін естідік. Былтырғы жылдың бюджеттік кірісі 212 млрд теңгені құрап, 13% артыпты. Әжептеуір көрсеткіш. Оған қоса бюджет және құрылыс көлемінің көптігіне қарамастан, бюджеттің игерілуі 99,8% орындалған. Яғни, толық игерілді деген сөз. 

Мұнан соң А.Мырзахметов облыс-та салынған әлеуметтік нысандарға тоқталды. Алдымен 62 денсаулық сақтау нысаны бой көтергенін, респуб-лика бойынша 2013 жылы 96 ФАП, СВА іске қосылса, оның 60-ы Оңтүстік Қазақстан облысында екенін айтты. Аймақтар арасында алғаш рет бүйрек алмастыру отасы жасалғанын, аналардың өлім-жітім көрсеткіші 20,6%-дан 10,2%-ға, ал нәресте өлімі 15,4%-дан 13,4%-ға төмендегенін де жиналған қауымның назарына ұсынды. 

Әкімнің есебі аяқталысымен сұрақтар қарша борады
Әкімнің есебі аяқталысымен сұрақтар қарша борады

Облыс әкімі бұдан әрі облыс бойынша 69 білім, 53 денсаулық нысандары іске қосылатынын жеткізді. «Балапан» бағдарламасы бойынша 165 мектепке дейінгі ұйымдар ашылып, қамту 76% – ға жеткізіледі»,- деді. «Екі сала бойынша ең бастысы халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін бірінші рет 267 немесе 30% мектеп басшылары әлемдік тәжірибеде деңгейлік курстарынан өтіп, жұмыс жасайтын болады. 30 мың медперсоналдың 3062-і біліктілігін арттырады. Осы мақсатта «Кадрлық ресурстарды дамыту орталығы» ашылады»,-деген ол аталмыш екі салада үлкен реформалардың басталғанын білдірді. 

Облыстың әлеуметтік ахуалы да назардан тыс қалған жоқ. Биыл аз қамтамасыз етілген азаматтар саны 44% төмендеп, 3622 адамды құрапты. Бұл да болса жетістік. 7,7 мың азамат атаулы әлеуметтік көмек алған екен, бұл 2012 жылынмен салыстырғанда 10,3 мың адамға азайғанын байқатады. 18 жасқа дейінгі 252,7 мың балаға жәрдемақы төленіп, 25,7 мың адамға артқан. 7,8 мың отбасыға тұрғын үй көмегі берілген. Бұл мемлекет, жергілікті билік тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің бір парасы ғана. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы негізінде 34,4 мың адам қамтылған көрінеді, бұл республикалық көрсеткіштің үштен бірі. Нәтижесінде, жұмыссыздықтың деңгейі 5,5%-ды құрап отыр. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,3%-дан 3,2%-ға төмендеген көрінеді. Егер жұмыс осылай жалғаса берсе, өңірдегі жұмыссыздар армиясынан арылып қалуымыз бек мүмкін. Дегенмен, оған әлі біраз уақыт керек екені айтпаса да түсінікті. 

Шымкент қаласының жайы да есеп барысында ұмыт қалған жоқ. А.Мырзахметов Елбасының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласын үшінші «мегаполиске» айналдыру мақсатында, 2020 жылға дейін Шымкент агломерациясының даму іс – шаралары қабылданғанын жеткізді. Осыған орай, қаланың аумағы 40,8 мыңнан 117 мыңға ұлғайтылғанын, Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан 145 мың халқы бар 40 елді мекен қосылғанын айтты. Оған қоса облыстық «Отырар» кітапханасы, көрме орталығы, Наурыз алаңы, С. Бәйтерековтің ескерткіші іске қосылғанынан шымкенттіктер хабардар. 

«Нұрсәт» шағынауданында алаңы 2,8 га жерге көпшілік демалыс орны пайдалануға берілгенін де айта кеткен жөн. Сондай-ақ, облыс басшысы биыл салынып бітуі тиіс нысандарды атап көрсетті. Мәселен, 500 орындық драма театр, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, әдеп-ғұрып орталығы, көркем-сурет галереясының көрме залы, «Түркістан» салтанат сарайы іске қосылып, қала тұрғындарының игілігіне қызмет жасауы тиіс. Бұдан өзге жеңіл атлетика және велоспорт кешені, облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебін іске қосу жоспарлануда екен. Әкімшілік-іскерлік орталығына қуаттылығы 160 Гкал/с қазандық құрылысы басталатынын жеткізген Асқар Исабекұлы облыстық мәслихат, әкімдігінің және оған қарасты басқармалар ғимаратының құрылысын биыл аяқтау жоспарланғанын айтты.

ОҚО негізінен ауыл шаруашылығына бейім өңір екенін екінің бірі біледі. Бұл саланы дамытуға да ерекше көңіл бөлініпті. Мәселен, ауылшаруашылығында кенже қалып келген мал шаруашылығын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған іс-шарасы бекітілген. Бұл шара барлық деңгейдегі әкімдердің қатысумен талқыланып, нақты тапсырмалар берілген. Егіс алқабы 805 мың гектарға жетіп (оның ішінде суармалы жер – 455 мың га) 2013 жылмен салыстырғанда 31 мың га артық орналастырылмақшы.

Егістікті әртараптандыру, ол негізінен мал азықтық дақылдарға бағытталып, 50 мың гектарға артады екен. 

Облыс басшысы тың жаңалықты жеткізді. Бұдан былай барлық аудан, қалаларда типтік кәсіпкерлік мектептері ашылатын болады. Онда аудандағы кәсіпкерлерге мемлекеттік қызмет көрсететін кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, жер, сәулет, қала құрылысы бөлімдері, кәсіпкерлер палатасының филиалы, даму институттары орналастырылмақ. Осылайша кәсіпкерлерге қызмет бір орталықта көрсетіледі. Кентау қаласы, Созақ, Шардара, Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтарал, Түлкібас аудандарындағы индустриалдық аймақтарда 19 жоба іске қосылады. 

Әкімнің есебі аяқталысымен сұрақтар қарша борады. Көпшілігінің сауалы әлеуметтік мәселелерге қатысты болғанын айта кетейік. Жолақыға байланысты студенттерге, мүгедектер мен оқушыларға жеңілдік жасау туралы өтініштер айтылды. Созақ ауданынан келген бір тұрғын облыс басшысына «біздің ауданға неге келмейсіз, екі-ақ мәрте келдіңіз, халық сізді көргісі келеді, өтініш-тілегін айтқысы келеді»,- деп, базынасын білдірді. Сәл мүдіріп қалған Асқар Исабекұлы Созақ ауданына талай барғанын, ауданда табиғи апат орын алған кездері тіпті қона жатқанын айтты.

Келесі бір сауал қоюшы облыстың ішкі саясат басқармасының баспасөз құралдарын жіті бақылап отырмағанына қынжылатынын жеткізді. Кейбір басылымдарда Елбасының саясатына қарсы келетіндей мақалалар жарияланып жүргенін, бұл халық арасына от салуы мүмкін екенін білдірді. А.Мырзахметов «Мұны тексеруге арнайы тапсырма беремін»,-деп уәде етті. Жалпы сөз алғандардың дені әкімнің атқарған істеріне мақтау айтып, облыстың дамуына бұдан да көп еңбек етуге шақырды. Облыс басшысы әл-қуаты жеткенше аянып қалмайтынын білдірді. 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ