Мүмкіндігі шектеулі жастар диплом алды

351
15 студент тігінші мамандығын меңгеріп шықты

Оңтүстік Қазақстан облысындағы есту қабілеті нашар жастар «Мирас» колледжінде білім алады. Бағдарламашы және тігінші мамандықтары бойынша осыдан үш жыл бұрын 60 студент қабылданған болатын. Мүмкіндігі шектеулі болса да өмірге құштар студенттердің алғашқы легі қолдарына диплом алып, жас маман атанды.

мүмкіндігі шектеулі жастар диплом алды

Бұл студенттер бағдарламашы және тігінші мамандықтары бойынша білім алған. Үш жыл, алты ай бойы «Мирас» колледжінің қабырғасында маман болуға дайындалды. Құлақтары мүкіс болса да, өзгелер сияқты лекция тыңдап, емтихан тапсырды. Бүгін қолдарына диплом алып, жұмысбасты атанбақ.

Қымбат Дәулетова, топ жетекшісі: «Бұл студенттер 2011 жылы біздің колледжге келді. Эксперимент ретінде төрт топ ашылды. Басында қиналдық, жоспар құрдық. Енді бәрі артта қалды. Олар қоғамда өз орындарын табады деген ойдамыз. Жеке кәсіпкерлер, жұмыспен қамту орталығы жұмысқа шақырып отыр.»

15 студент тігінші мамандығын меңгеріп шықты

Кешегі студент – бүгінгі маман. Өзгелер сияқты еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман бола алады. Құлағы нашар еститін 15 студент тігінші және киімді модельдеу мамандығын игеріп, жаңа өмірге аяқ басты. Ұстаздары өзгелерден бөліп жармай, үлкен сенім артады. Салтанатты шараға арнайы қатысқан қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары бітіруші түлектерге жұмыс дайын деп қуантты.

Салтанат Бейсебаева, жастар тәжірибесін ұйымдастыру бөлімінің басшысы: «Жастар практикасымен 6 айға жұмыс ұсынылады. «Ақмарал», «Гауһар» фабрикасынан жұмыс ұсынылады. Оларды жұмысқа қабылдайды. Жатар орындары жоқ болса, жатар орынмен қамтамасыз етеді. Еңбекақысын біз береміз. Кәсіпорындар да төлеуге дайын. Ары қарай тұрақты жұмысқа қалады.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=b25sifVXu7E[/youtube]

Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, жағдай жасалып отырғанын жас мамандар жақсы біледі. Сондықтан ел сенімін ақтауға, өзгеге тәуелді болмас үшін, еңбек етуге дайынбыз дейді.

Айта өтейік, мүмкіндігі шектеулі жастар оқитын тағы да үш топ «Мирас» колледжін тәмәмдайды. Оларға диплом тапсыру рәсімі екі айдан соң ұйымдастырылады.