Сәби саудасы қызып тұр

Бала асырап алудың жолы
Бала асырап алудың жолы
Бала асырап алудың жолы

Облыста тағы да бала сату дерегі әшкере болды. Бұл жолы екі бірдей нәрестенің тағдыры саудаға салынған. Бірі 250 мың теңгеге, ал екіншісі небәрі 150 мың теңгеге саудаланыпты. Бұл жайында облыстық прокуратурада өткен бала сату фактілеріне қатысты брифингте мәлім болды. 

Сала мамандарының дерегіне сенсек, шақалақтарды «тірі тауарға» айналдырғандар Мақтарал ауданының тұрғындары екен. 42 және 38 жастағы қос келіншек те бір перзентке зар болғандар. Екеуі де жеңіл жүрістегі аяғы ауыр қыздарды туыстарының көмегімен тауып, келіссөз жүргізіпті. Босана салысымен баласын беруге жүкті қыздар қарсы болмаған. Жас аналар перзентханада босанған. Ал құжат рәсімдеуді жеңілдету үшін екіқабат қыздарды шекара асырып, Өзбекстанда босандырып алып келген. Бірақ, әккі амалдары жүзеге аспады. Шекара асып келген сәбилер мен аналардың құжаттарын тексеру барысында бір шикіліктің бары сезік тудырған. Қазір осы екі іс бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Облыс прокурорлары мәлімдегендей, 2012-2013 жылдар аралығында 166 баланың белгісіз жағдайда асырап алынғаны әшкере болды. Яғни, нотариалды түрде аналары бас тартқанымен, бұл жәйттен тиісті органдар хабарсыз болып шықты. Бұған қатысты 11 іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Облыстық прокуратура басқарма прокурорының орынбасары Болат Жұматаевтың сөзіне қарағанда, бүгінде осы тақлеттес 41 баланың тағдыры анықталмай отырып. Сол себепті тиісті материалдар облыстық ішкі істер департаментіне жолданып, бүгінде 26 бала табылған. Асырап алушылардың соттың шешімі арқылы бала асырап алғаны анықталды. Қазіргі жағдайда 15 баланың тағдыры белгісіз. Сол бойынша тексеру амалдары жүргізілуде.

Мақпал РЫСБАЕВА