Сайрамда тігін фабрикасы ашылды

1756

Сайрам ауданында ерлерге классикалық үлгіде киім тігетін фабрика ашылды. «Golden Nomad», яғни, «Алтын адам» деп аталатын фабрикада жылына 26 мың дана костюм-шалбар тігіледі. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алып, мемлекеттің қолдауына ие болып отырған фабриканы облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев салтанатты түрде ашып берді.

 

Тігін фабрикасы заманауи технологиямен жабдықталған. Құрал-жабдықтар арнайы тапсырыспен Қытай Халық Республикасынан, Жапониядан және Түркиядан алыныпты. Бұл құрылғылардың облыс тұрмақ, елімізде баламасы жоқ. Күніне 400-500 костюм-шалбар тігілетін фабрика алдағы күндері мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істеуге дайын. Ал әзірге жекелей сұранысқа ие.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=wb1A9QmOi6M[/youtube]

Ерік Сапар, «Golden Nomad» ЖШС-нің атқарушы директоры: » Біз ішкі нарыққа кіріп отырмыз. Үлкен фирмалар тапсырыс беріп отыр. Бізде жеке тапсырыстар да қаралған. Көтерме және жекелей тапсырыстар да қаралған. Әркім өзінің денесіне лайық етіп тапсырыс бере алады, біз тігіп береміз.»

Назакат Ирисметованың мамандығы тігінші. Он екі жылдық еңбек өтілімі бар. Бұған дейін жұмыссыз отырған ол Сайрамнан фабриканың ашылатынын естіп, жұмыс іздеп келіпті. Бірден қабылданғанын айтады. Жаңа тігін машинкаларымен жұмыс істеуді шетелдік мамандар арнайы үйретіп, оқытады. Осылайша Назакат секілді жүзге жуық тігінгі жұмысбасты атаныпты.

Айта өтейік, кәсіпорынға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие бойынша пайыздық мөлшерлеме субсидияланып, мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген. Жобаға 158 миллион теңге жұмсалыпты. Жалпы, үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында индустриаландыру картасына Оңтүстік Қазақстан облысының жалпы құны 705 миллиард теңге болатын 170 жоба енгізілген. Бұл дегеніңіз – қосымша 21 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар.