Жол жөнделіп жатыр

Шымкентте қазiр жол жөндеу жұмыстары қызып тұр. Сала мамандары биыл 108 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Одан бөлек 4 көшеде қайта құру жұмыстарын бастайды.

Бұл мақсатқа биыл 1 миллиард теңгеден аса қаражат қаралған. Жол саласы мамандарының мәліметіне қарағанда, былтыр 155 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл жөндеу көргелі отырған көшелер саны одан әлдеқайда аз. Себебі, бұл жолы магистральді көшелерді кеңейтуге басымдық берілмек. Атап айтқанда, Темірлан көшесі мен әл-Фараби көшелерінің айналма жолдары, Төлеметов пен Бәйдібек көшелері, Мәделі қожа көшесі мен Бадам жағалауларындағы көшелер кеңейтіліп, көліктердің еркін қатынауына мүмкіндік туады. Мәселен, екі жолақты әл-Фараби көшесі 4 жолаққа кеңейтіліп, 6,7 метрлік көшелер 10 метрге дейін кеңейеді.

22-005

Қалада биыл жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да көбеймек. Осыған дейін «Темірлан» тас жолынан бастап «Бекжан» базарына дейінгі көшелерде жаяу жүргіншілерге арналған жолдар қарастырылмаған болатын. Алдағы уақытта осы олқылықтың орны толады. Қазір 8-шағынаудандағы Үркімбаев, Мамытов көшелерінде осы мақсаттағы жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр.

22-004

– Ресейліктердің технологиясын іске асыруға біздің мамандар дайын отыр. Оған қажетті техникалық база да сақадай сай, – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Абай Тұрханов. – Сараптама қорытындысы 18 күнде анықталады. Бұл тәсілмен салынатын жолдар бұрынғыдай қалың болмайды. Құрылыс мате-риалына көп қаражат жұмсалмайды. Соған қарамастан төзімді келеді. Негізінен, талапқа сай біздегі жолдар 8 тонналық жүкті көтеретіндей шыдамды болуы қажет.

22-003

Ал қалаға кіретін кейбір елдімекендер жол азабын әлі де тартуда. Топырақ жолдарда шаң қауып жүрген жұртшылықтың наразылығына құлақ түретін жан болмай тұр. Достық, Құрсай, Қазығұрт, Ақниет елдімекендеріндегі халықтың тас жолды қашан пайдаланатынын әлі ешкім дөп басып айта алмайды.Іргедегі елдімекендер осылайша ескерусіз қалып жатыр. Сондай-ақ, Шымкент қаласы мен облыс аумағындағы көлiк жолдары соңғы кездерi бiршама түзелгенiмен, әлi күнге қиындықтар аз емес. Бiр жыл өтпей-ақ жолдың ойылып қалуы, босап кетуi, нормалық талаптардың сақталмауы сияқты келеңсіздіктер де жиі орын алады. Осыны ескерген жол саласы мамандары шетелдік әріптестерімен күш біріктірмек. Енді жол салуда ресейлік мамандар көмектеседі. Жуырда қалаға Ресейдің танымал «Новые дороги» ААҚ-ның мамандары келген болатын. Бірлескен топ құрылыс материалына өңделген топырақ қосып, жол сапасын арттыруды қолға алып отыр. Бұл әдістің тиімділігі көп. Біріншіден, ол шығын көлемін айтарлықтай қысқартып, аз уақыт ішінде жол салуға мүмкіндік береді. Екіншіден, сапасы жақсы. Көп шығынданбай-ақ, бұл технологияның көмегімен теп-тегіс әрі төзімді асфальт салуға болады екен. Экологиялық таза әрі сапалы құрылысты сынау жұмысы Шымкент көшелерінде басталып кетті. Зертхана мәліметтері көңілден шықса, отандық мамандар тың технология негізінде жол салуға кіріспек ниетте.

Мақпал Рысбаева