Сәулетті мешіт бой көтереді

820

Шымкент шаһарында тағы бiр зәулiм мешiттiң құрылысы басталды. Облыс басшылығы мен зиялы қауым өкілдері Шымкент қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеретін еңселі мешіттің капсуласын салу рәсіміне қатысты. Барша мұсылман үшін қасиетті Ораза айының алдында құрылысы басталатын нысан 2016 жылы қасиетті Рамазан айында ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде.

Мешітте бір мезетте сегіз мың адам Аллаға құлшылық жасай алады. Мұнда автокөлік қоюға арналған көп деңгейлі тұрақ, жеделсаты, ауа ағымын реттеуге арналған заманауи жүйелер орнатылады. Сонымен қатар, күннен қуат алатын құрылғылар қойылады.

Мұндағы әйелдерге арналған орынға бір мезетте мың адам сыяды. Мешіт алдындағы бес мыңнан астам адамға есептелген алаңда жамағатты күннен, жауын-шашыннан қорғау үшін шатыр болып ашылатын жүйе қойылады. Мешітте мұсылмандық жораларды жасайтын орындар, конгресс-холл, тамақтануға арналған зал, неке сарайы, исламдық білім беру орталығы, медресе, кітапхана, асхана, әкімшілік бөлмелер салынады. Облыс тарихында айрықша орын алатын бұл нысан жайлылығымен, қолайлылығымен, сұлулығымен еліміздегі еңселі мешіттердің қатарынан ойып тұрып орын алары сөзсіз.