«Шымкент-Ташкент» тас жолы қашан жөнделеді?

«Шымкент-Ташкент» бағытындағы жолдың салынғанына 40 жылдан астам уақыт өтіпті. Ал осы бағыттағы тас жолды жаңалау жайлы әңгіменің қозғалғанына да аз уақыт өткен жоқ. Тоз-тозы шыққан жолдың бүгінгі халі тым нашар. Оның зардабын көбіне Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара, Мақтарал ауданына жиі қатынайтын жолаушылар тартуда. Жолаушы да, көлік те көбейген бүгінгі таңда тар жол мен тайғақ кешуден азап шеккендер жетіп артылады. Қыс бойы сол мұз қатқан тар жолмен көліктер еңбектеген баладай әрең жүріп өтеді, кейбірі жолдан шығып кетіп те жатады. Күн жылынды дегенше жолдың ойығына түсіп немесе үгітілген жолдың тасы шашырап, көлік иелерін тағы да әуреге салады. Бұл – үйреншікті жағдай. Ал, «Шымкент-Ташкент» дәлізіндегі қайғылы апаттар өз алдына бөлек әңгіме…

23-003

Елордадан қолдау тапты

Әбден ушығып, түйткілді түйінге айналған «Шымкент-Ташкент» тас жолына қатысты мәселе өткен жылы Елорданы да аралап қайтқан. Парламентте дәл осы жолды қайта салу туралы мәселе көтеріліп, қаражат қаралған болатын. ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев жолдың І-санатты, яғни, цемент бетонды жамылғысы бар 4 жолақты магистральді және 4 көлік айырығы мен 12 өткел салу жобаға енгізілгенін айтты. Халық қалаулылары тарапынан сынға ілінгенімен, «Шымкент-Ташкент» тас жолын қайта салу жоспары 2013 жылдың 28-мамырында мақұлданды. Нәтижесінде, 101 шақырымдық «Шымкент-Ташкент» автожолының 37 шақырымы «Азия Даму Банкі» несиесі есебінен қаржыландырылады.

Жаңа жол

Өткен жылдың күзінен бері сиырқұйымшақтанып кеткен жол мәселесі халықтың да шыдамын тауысты. Өткен жылы көтерілген мәселе, маусым айы келсе де басталатын түрі жоқ. «Шымкент-Ташкент» бағытындағы жол құрылысы басталды» деген ақпарат жыл басында тарағанымен «дәлізде» әлі күнге өзгеріс жоқ. Тым-тырыс…

Мұхтар Дүйсембеков, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ ОҚО филиалының директоры:

– Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша республикалық маңызы бар автокөлік жолы 786 шақырымды құрайды. Оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізін қайта құру жобасы қолға алынуда. Жоба бойынша жолдың жалпы ұзындығы 448 шақырымды құрап отыр. Қазіргі уақытта 10 лотқа бөлінген 357 шақырымды құрайтын учаске бойынша қайта құру жұмыстары іске асуда.

Соның ішінде «Самара – Шымкент» автожолының 7 учаскесі қайта құру және құрылыс жұмыстары комиссияға тапсыру кезеңіне жетті. 2013 жылғы жоспар бойынша 239 шақырымдық жол жамылғысының 224 шақырымы төселіп, қалған 15 шақырымы 2014 жылы аяқталуы көзделген.

«А – 2» автожол бағыты, яғни, республикалық маңызы «Хоргос – Алматы – Тараз – Шымкент – Ташкент» бар автокөлік жолының «Шымкент – Ташкент» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 101 шақырымды құрайды. Аталған шақырым «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» қайта құру жобасына енген. Алғашқы лот 705 – 742 шақырымның жұмыстары (37 шақырым) Шымкент қаласының шыға берісінен Қазығұрт асуына дейінгі аралықты қамтиды. Ал 744-806 шақырымдар (64 шақырым) бойынша бас мердігер мекемелер шілде айына дейін анықталады деп жоспарланған.

Бұл жобаларды іске асыру еліміздің көлік әлеуетін дамытуды қамтамасыз етіп, халықаралық көлік дәлізінің қазақстандық бөлігінде қозғалыс жиілігін елеулі түрде арттыруға мүмкіндік береді.

Иә, жолаушылар осылай реніш білдіргенімен «ҚазАвтожол» АҚ бұл уақытта қарап отырмағанын хабарлады. Жол құрылысы басталған аймақтың жолы жабылуы тиіс. Ол қанша уақытқа жабылады? Жолау-шылар бұл аралықта қай жолмен облыс орталығына қатынай алады? Осы және өзге де мәселелерді тиісті мекемелердің қатысуымен шешу қолға алынған. Акционерлік қоғам аудан әкімдеріне тапсырмалар беру, өлшеу-сызу, келіссөз жүргізу сияқты көзге көрінбегенімен уақыттың көбін алатын «майда» жұмыстармен айналысуда. Жалпы ұзындығы 101 шақырымды құрайтын аталмыш дәліздің республикалық маңызы зор. «Шымкент-Ташкент» тас жолының салынуын облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы емес, «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы бақылайтыны да сондықтан.

Ұлы Жібек жолын жалғап жатқан дәліздің жол салу құрылыс жұмыстары 3 лотқа бөлінген. 1-ші лотта 37 шақырым, 2-сінде 32, 3-сінде де 32 шақырымдық жол қамтылды. 1-ші лот бойынша тендерді жоғары сапалы жол құрылысы жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген Италия-Әзірбайжан елдерінің «Todini /Imprigillo/ Akkord» бас мердігер мекемесі жеңіп алды. Ендігі мәселе – жолдың салынуын қолға алу.

23-002

37 шақырымдық жолдың құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін басталатынын және құрылыс жұмыстары жолдың оң жақ беткейінен жүргізілетінін хабарлай кетейік.

«Шымкент-Ташкент» жолының қалған екі лоты (32+32 шақырым) бойынша құрылыс жұмыстарын қандай компаниялардың атқаратынын анықтау – алдағы уақыттың еншісінде.

Ақмарал Молдиярқызы