14 алтынды қанжығасына байлаған параспортшы баспанасыз қалды

269

Шымкенттің белгілі параспортшысы Анастасия Соболева жатақханадағы бөлмесінен айырылды. Настяның көзі көрмейді. Бірақ қайсар қыз бұған қарамастан түрлі деңгейдегі жарыстардан 14 алтынды қанжығасына байлаған. Оның үстіне, суда жүзуші Настя Лондонда 2012 жылы өтетін параолимпиядалық ойындарының лицензия иегері.

Спортшы қыздың тұрмыстық жағдайының мәз еместігі 2009 жылы белгілі болған еді. Ол кезде Настя Темірлан тас жолында вагонды паналаған болатын. Одан соң, Соболева халықаралық турнирге қатысып, 1 «алтын», 2 «қола» жеңіп алған. Настя Азия ойындарына қатысқан. Анастасия Соболева жайында БАҚ жиі айтып, жаза бастаған соң, спортшы қызға жатақханадан бөлме берілген болатын.

«Өткен жылы күзде бізге жатақханадан бөлме берілген болатын, бірақ онда ешқандай жағдай болмаған соң, мен күйеуіммен саяжайда тұруға мәжбүр болдық. Содан Уфаға ота жасатуға жүрер алдын жатақханадағы бөлмемізден хабар алмақ болдық. Онда бәрі мөрленіп жабылған. Біреулер сатып алыпты-мыс. Ондағы заттарымызды да ала алмадық. Кілтті де бізге ешкім бермеді. Негізінде осы бөлмені алуымызға да не мектеп, не спорт саласының басшылар емес, республикалық басылымның журналисті ат салысқан болатын.»,- дейді А.Соболева.

Келер жылы қаңтар айынан бастап қалаға қатынау қиын болса да, Анастасия үздіксіз жаттығуларға кіріспек ниетте.