20 жылдық тарихы бар прокуратура

6 желтоқсан - Прокуратура күні 3

Прокуратураның атаулы күніндегі жиында жас мамандар көп болды. Іс-тәжірибеден өтушілер мен заңгерлік мамандығын тәмәмдаған түлектер – бәрі бірдей ант қабылдады. Прокуратура саласында жұмыс істеу мен қызмет ету олар үшін үлкен мәртебе. Салтанатты шараның жалғасын одан әрі облыстың прокуроры Берік Құлтасов жалғастырды. Сөйтті де 20 жылда жетіп үлгірген аталмыш саланың жетістігін баян етті.

Берік Құлтасов, облыс прокуроры: «1991 жылдың 6 желтоқсанынан бастап қазақстандық прокуратураның да тарихы басталды. Осы жылдар аралығында біздің қызметкерлер атқарған шаруа аз емес. Біз – заңдылықты қадағалайтын құзырлы орынбыз, мемлекетіміз бен ондағы азаматтардың құқығын қорғауда прокуратураның жасар жұмысы көп. Осы жылы біздің мекеме, әсіресе, азаматтардың еңбек құқығы мен кәсіпкерлерді бейберекет тексеру мәселелеріне байланысты көп істің басын қайырды. Сондай-ақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажобасының атқарылуына байланысты күшті қадағалаулар жүргізілуде».

Прокуратураға еңбегі сіңген ардагерлер де осы күні айрықша ілтипатқа ие болды. Олар ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталды. Мұндай төсбелгіні прокуратура саласының үздігі деп танылған 60 қызметкер де алды. Бақылаушы орынның тағы 30 қызметкері кезектен тыс берілген лауазымға ие болды.

Заңдылықты қадағалаған орынды халық қалаулылары мен облыстың тізгінін ұстаған азаматтар да құттықтады. Олар аталмыш сала қызметкерлерінің тағы бірқатарына алғыс хаттар мен сыйлықтарды табыс етті.

Осылайша, 6-желтоқсан күні 100-ден аса өз саласының үздік пагон таққандары марапатталды.