Үш жылдан бері іздеуде жүрген 25 жастағы бұл азаматты шымкенттік полицейлер қолға түсірді. Оны аса айуандықпен адам өлтірген күдікті — деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
2008 жылы шілде айында Шымкент полиция бөліміне Тараз қаласының тұрғыны арызданған болатын. Ол арызында 1956 жылы туылған күйеуі өзінің басқаруындағы Ауди-6 көлігімен Шымкенттегі автобазарға кеткен, содан қайтып келмегенін айтқан еді. Содан 2009 жылы әлгі әйелдің күйеуінің өлі денесі, Қызылорда облысына қарасты жазық жаладан табылған. Арнайы сараптамадан өткен дене сол жұбайы іздеп жүрген ер кісі екені анықталады. Қылмыстық іс қозғалып, қылмыскерді анықтап ұстауға іздеу салынады.
Екі аптадан соң облыстық ІІД-нің қызметкерлері бір күдіктіні қолға түсіреді. Ол 24 жастағы Сарыағаш ауданының тұрғыны болып шығады. Одан қолды болған көліктің маңызды бөлшектері табылып, тәркіленіп алынады. Тергеу барысында оның қасындағы серігі Шымкент қаласының тұрғыны екеуі, әлгі қылмысты бірге жасағандары белгілі болады. Олар жүргізушіні тұншықтырып өлтіреді де, денесін көрші облысқа барар жолда бензин құйып өртеген. Ал өздері машинаға отырып, тайып тұрған. Сол жылы-ақ бір күдіктіні 8 жылға соттап жібереді, ал сыбайласы Айдар Күндебековке іздеу де жарияланады.
Ол үш жыл бойы әртүрлі облыста жасырынып, қаладан шет аумақта өмір сүрген. Ақыры қашқын Шымкент қаласының төңірегінде қолға түсті.