Жаңаөзендегі жағдайды Оңтүстік жастары қолдамайды

Жаңаөзендегі жағдай азаматтардың елімізде заңдылықтың сақталуы бағытында жұмыс жасауы керектігін көрсетті. Бұл туралы бүгін Астанадағы «Конституциялық заңдылық-құқықтық мемлекеттің және тұлға еркіндігінің негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Жоғарғы Соттың төрағасы Бектас Бекназаров мәлім етті.

«Соңғы кезде Жаңаөзенде орын алып отырған жағдай біздің мемлекетімізде конституциялық заңдылықтың, жалпы заңдылықтың сақталуына барлық мекемелер мен барша азаматтар бар күшін салып, осы бағытта жұмыс жасау керектігін көрсетті»,-деді Б. Бекназаров өз сөзінде. Осы тұрғыда Жоғарғы Сот төрағасы еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықты нығайту негізгі басымдық екенін айтып өтті.

Ел Тәуелсіздігінің екінші онжылдық мерейтойын тойлаған уақытымызда Маңғыстау облысындағы елді дүрліктірген Жаңаөзен оқиғасы жайында алып -қашпа әңгіме көп. Сондағы бүлік шығарған жастардың іс-әрекетін бүгін ОҚ фармацевтикалық академиясының студенттері қолдамайтындығын білдірді.

Қайрат Жақыпбеков, ОҚМФА магистранты: «Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігімізді тойлаған күні орын алған оқиға өте өкінішті. Теріс ағымды саяси топтардың ермектеріне ермеуіміз керек. Жарқын болашаққа жүреміз. Бұған ант етеміз халық алдында.»

Оқу орнының белсенді шәкірттері жиын ұйымдастырып, осы жағдайға байланысты өз пікірін айтты. Барлығының ойы бір жерден шықты. Алдымен, зардап шеккен отбасыларына қайғыларына ортақ екендіктерін жеткізіп, зайырлы мемлекеттің болашағы жастардың қолында екендігін қадап айтты.