Қаланың Бас жоспары бекітілді

«Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» боп кете жаздаған қаланың бас жоспары ақыры бекітілді. Үкіметте еліміздегі үшінші қала Шымкенттің бас жоспары талай уақыттан бері май шаммен қаралып келіп еді. Енді жаңадан бекітілген Бас жоспарға сәйкес қаланың аумағы 117 мың гектарды құрайтын болады. Осылайша, енді Шымкент қаласының аумағына Сайрам ауданынан – 29, Ордабасы ауданынан – 2, Төлеби ауданынан – 5 елдімекен кіреді. Бас жоспарға сәйкес әрекет ету ісі 2 басымдықта жүзеге асады. Алдымен аталған аудандардан жер телімдерін, тұрғындарымен қоса қалаға қосу ісі 2015 жылға дейін жүргізіледі деп күтілуде. Екінші басымдықта халықтың санын 1 млн.-ға жеткізу жоспарлануда. Бұл 2025 жылға дейін жүзеге асатын болады, – дейді мамандар.

Естеріңізге сала кетсек, қазіргі Бас жоспар 2004 жылы қабылданып, оны 2015 жылға дейін басшылыққа алу көзделген болатын. Бұл жоспар 600 мың халыққа қызмет көрсету есебі бойынша жасалған-ды. Ал, қазір ресми ақпараттарға сенер болсақ шымкенттіктердің саны 651 мың.