Оқушылар бірін-бірі өлтіріп жатыр

немесе балаларымыз кімге айналып барады?

Өзді-өзін, маңайындағыларды, балаларын тал бесіктен жер бесікке дейін ұрсып та, айналып та, кейде жазалап болсын тәрбие беріп келген қазекемнің жаңа ғасырға аяқ басқалы бері осы бір мінезінен ептеп айырыла бастағаны қынжылтарлық. Кешегі иі жұмсақ ұл-қыздарымыз келмеске кетсе, қазіргі мектеп жасындағы балалардың психологиясы мүлде басқа. Айтқанға көнбейтін, айдағанға жүрмейтін, тізгінсіз кеткен балалардың саны еселеп артқан сайын артып келеді. Қанымызға жат саналған, арымызға дақ салған мұндай құбылыстар қазіргі қоғамның күнделікті бейнесіне, үйреншікті жағдайға айналып барады.

Сезген де боларсыз, айтпағымыз қыры кеткен бала тәрбиесі жайында. Оған түрткі болған соңғы кезде тым көбейіп кеткен оқушылар арасындағы атыс-шабыс оқиғалар. Әсіресе оқу жылы бас-тала салысымен Шымкенттегі елді шулатқан жасөспірімдердің өзара «соғысы» бізді қалың ойға жетеледі. Мұндай сұмдыққа біз қалай жеттік деген сауалды өзімізге қойып, өзіміз соған жауап бергіміз келді. Сонымен, қыры кеткен тәрбиенің қырсыздығына не себеп?

Не айтсақ та Абайды қоспай кете алмаспыз. Ұлы ақын да ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөлді. Отыз жетінші қара сөзінде былай дейді: «Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім». Осылайша адам мі­не­зінің қалыптасуы тәрбиеге, ортаға бай­ланысты екендігін дәлелдеп берген-ді. Абай­дан артық кім айтқан?! Бала тәрбиесіне айрықша мән берген қазақ ұғымында «қиын бала» деген мүлде болмаған. Абайдан бастап, бертінге дейінгі ақын-жазушыларымыздың, ерен тұлғаларымыз бен ғалымдарымыздың жазып кеткен дүниелерінің қай-қайсысын алып қараңыз, барлығында да негізінен тәлім-тәрбиенің мәні мен баланы жақсы­ға бесіктен бастап баулу керектігі айтылады, яғни алдын алу қажеттігін айтады.

1 қыркүйекте Арыс ауданында 10 сыныптың, 16 жасар оқушысы алған ауыр соққының салдарынан қайтыс болды.Оны Шымкент қаласындағы колледждердің бірінде оқитын студент ұрып өлтірген. Екеуара кикілжіңнің соңы осылай қайғылы аяқталған. 

Жақсыдан гөрі жаманды тез қағып ала қоятын балалардың арасында бүгіндері қылмыстық оқиғалар өршіп тұр. Қайда барсаң да алдыңнан мектеп жасындағы қылмыскерлердің оқиғасы шығады. Бір-біріне пышақ жұмсау, әлімжеттік, топ болып төбелесу, атыс-шабыс, тап бір шетелдік «боевик» кинолардағы сұрқай өмірге тап болдық. Елге «бұзықтығымен» ерекше танымал шымкенттік балалар бүгіндері мұрын қанатып төбелесуді қойып, бір-біріне мылтық кезейтінді, жыны келсе ата салатынды шығарған.

Амал не, айдың күннің аманында Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 6 бала өзара атыс-шабыс, төбелестен көз жұмып отыр. Қан жылаған ата-ананың көз жасы мен қыршынынан қиылған бозбаланың өмірін енді ешкім қайтарып бере алмайды. Қолымыздан келетіні басу айту. Осындай оқиғалардан кейін барып әрекет ете бастайтын әдетіміз ғой, құқық қорғаушылар оқтардың қайдан ұшқанын, бұған не себеп болғанын тексеріп әлекке түсуде. Мектептердің басшылығы болса қауіпсіздік шараларын жасап, тәрбие сағаттарын жиілетіпті. Жау кеткен соң қылышын тасқа шабатын үйреншікті тірлігіміз бұл.

Кешегі аптада шымкеттік колледждердің бірінде оқитын жеткіншек көз жұмды. Бір топ балдар арасындағы ерегістің салдарынан жәбірленуші пышақтан жарақат алып қаза болған. 

Сонымен баланың ана жатырынан шықпай жатып қылмысқа ұрынуына не себеп? Тізбектесек себеп көп. Алайда қай кезде болмасын балаға тәрбие беретін ата-анасы, туған туысы, ағайыны. Нарықтық заманның қатал иіріміне түсіп кеткен кейбір әке мен кейбір шешелер баласы мен қызының тыста немен айналысып, не тындырып жүргенінен бейхабар. Бар міндетім киім-кешегін түгендеп, ас-ауқатын тауып берсем, сұраған ақшасын беріп тұрсам болды деп, азаннан кешке дейін үй бетін көрмейтін, үйде болса да баласымен емен-жарқын араласпайтын ата-аналардың да шоғыры бір төбе. Батыстық тәрбиеге салып, бәрін өзі шешіп үйренсін дейтін қағидаға сүйенетіндер де аз емес. Осылайша бар айтқаны болып тұрған, бәрін өз қалауымен шешуге дағдыланған баланың бойына менмендік, өзімбілемдік сияқты қасиеттер жиналып-жиналып келіп, кейде айтқаны болмай қалса шарт-шұрт кететін мінездің пайда болуына әкеп соқтырады.

Атысқа баратын оқушылардың дені байдың балалары дейді білетіндер. Өйткені қару-жарақ асынып жүруге екінің бірінің қалтасы көтере бермейтін көрінеді. Қару деген – базарда сатылатын ойыншық емес. Қара нарықта 200 доллардан басталатын тапанша, мылтықтардың бағасы 1-2 мың долларға дейін барады екен. Ал халықтың қару сататын дүкендерге деген өкпесі қара қазандай. Тек ақша табуды көздейтін дүкен басшылығы кім көрінгенге, өтірік құжат жасап келгендерге де сата береді екен. Содан барып ел арасында қарудың саны артып, тіпті мектеп оқушылары үшін де оңай табыла кететін қолжетімді дүниеге айналған. Қолына қару тиген соң өзін соғыста жүрген батырдай сезінетін, әлі оң-солын танып білмеген қызу қанды бозбала оны қалайда іс жүзінде бір байқап көргісі келетіні рас. Адамға кезелмеген қару қару ма? Осылай топшылайтын ақылы аздау жасөспірім біреуді атпай қоймайды. Артынан өзгені жылатып, өз өмірін де жардан құлатып тынады.

 

Оқушы мінезінің қаталданып, аяушылық түйсігінің жәймен жойыла бастауының, уятсыз әрекеттерге, зорлық-зомбылықа баруының тағы бір себебі теледидардан сан түрлі экшн фильмдер мен жалаңаш өмірді, эротиканы насихаттайтын бағадарламалардың көрсетілумен байланыстыруға болады. Одан қалса қызға таласып қалатын жасөспірімдер дауды білекпен емес мылтықпен шешкенді әлдеқайда оңай көреді. Балалар арасындағы төбелестің дені осы қыз-қырқынға таласудан болады екен. Одан қалса мектептегі беделін көрсету, қинап ақша талап ету, бермесе соққыға жығып, ерегіссе атып тастау – қазіргі оқушы жасындағылардың әдеттегі тірлігі. Кеше болған оқиғалардың да астарында осындай себептердің бары айдан анық.

Сол үшін де тәрбиені отбасынан бастау керек. Қожайын мен бәйбішесі тату болса, оттың басы берекелі, бала-шағаның күлкісі шат, тәрбие де оң болатыны рас. Бірақ, отағасы араққа салынып, отанасы онымен күнде алысып жүрген отбасылар қаншама. Осындай адам төзгісіз ортада жетілген жеткіншектің психологиясы да тұрақсыз болады дейді психолгтар. Тез ашуланғыш, тез қапаланғыш, өкпелегіш, қалт етсе беттен ала кететін ұл-қыздардың көбісі әлгіндей берекесіз отбасында өскендер екен. Сосын оқудың да мәні кетеді. Осылайша оқуға құлқы жоқ оқушы көшеге қарай еріксіз тартылып кете барады. Атыс-шабыс, төбелестің көкесін сосын көресіз.

Қыркүйектің 5-і күні тағы жасөспірім оққа ұшты. 16 жасар жеткіншек құрдастарымен болған ерегісте көз жұмған. Белгілі болғанындай Шымкенттік колледждердің бірінің студенттері Б.Момышұлы көшесінің бойында төбелесіп, тіпті қару қолданған. Нәтижесінде, 2-уі жарақат алып, біреуі ауруханаға жетпей қаза болды.  

Баланы тәрбие-леуде мектеп пен ұстаздардың орыны ерекше екенін де айтпай кетуге болмас. Себебі тәуліктің жартысына жуығын бала мектеп қабырғасында өткізеді. Мектепте де түрлі-түрлі ұстаздар бар. Бірі сабағымды тез-тез өтіп міндетімді орындап, мына шулағандардан ертерек құтылсам екен десе, бірі нағыз ұстаздықтың үлгісін көрсетіп жатады. Қазіргі мектеп мұғалімдеріне деген елдің көңілі онша тоқ емес. Жасырып қайтеміз, бар кінәні кейде солардың басына арта салатын кездеріміз де жиі болады ғой. Десек те мектептерде могиканның соңғы тұяқтары іспетті ер мұғалімдердің азайып кетуі де қыры кеткен бала тәрбиесінің нашарлай түсуіне сеп болып тұрғандай. Мектепте ер мұғалімдердің үлес салмағы артса, тәртіп орнап, ұл бала өнеге тұтып өссе, қыз баланың ер адам алдында ұяты мен ибасы басым болар еді ғой деп пайымдаймыз.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Тілші түйіні:

Еркін елде туылып, мейлінше еркін өмір сүруге дағдыланған қазіргі бозбала мен бойжеткеннің тәрбиесіне қатысты сөз көп. Сапалы тәрбие беруді басты мақсатқа айналдырмайынша бұл мәселенің қиындаған үстіне қиындай берері анық. Баланың тәрбиелі, инабатты, көргенді болып өсуі ең алдымен оның өзіне, және ата-анасына қажет. Қоғам үшін де. Себебі жаман жолға түсіп кеткен бала басқаның да ғұмырына әсер етіп, кейде өлтіруге дейін барады. Барып та жүр. Сол үшін де ата аналарға айтарымыз балаңызды сүйсеңіз – тәрбиесіне мән беріңіз. Онсыз баланың болашағы да,бәрі де баянсыз болмақ.

  • Сіз не дейсіз?

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД-інің мемлекеттік тіл саясаты және баспасөз орталығының жетекшісі:

– Қазір жоғарыда айтылған оқиғалар бойынша қылмыстық кодекстің 96-бабы, «Адам өлтіру» негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Айта өтейік, жыл басынан бері өңірде 7 жасөспірім кәмелет жасына толмаған қылмыскерлердің қолынан қаза тапты.