Облыстық Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония ұжымы көрермендері алдында есептік концертін берді. Кеш Оңтүстік Циркте өтті. Ал жерлестеріміз сол баяғы әдетіне салып, өнер кешіне кешігіп келді, сол себепті кейбірі залға сыймай да қалды. Алайда бұл жәйт жергілікті өнерпаздардың өнерін ықыласпен тамашалаған көрермендердің көңіл-күйін түсірген жоқ.
Киелі шаңырақтың әншілері мен күйшілері үшін бұл күн ерекше. Осы концертке дайындық та ерекше болғаны байқалады. 2 жарым сағат бойы көрерменін тәнті етіп, баурап алу бір жағынан сынақ, бір жағынан мәртебе. Оны көрермен де бағалай білген сияқты. Есеп беру кешінде залда отыратындар түгілі тұратындарға да орын болмады.
Айзада Керімбекова, көрермен: «Тұрып тамашаласақ та концерт өте жақсы өтіп жатыр. Өнер ұжымының кәсіби деңгейі былтырғы есеп беру кешіне қарағанда өте жоғары.»
Нұрлан Асылжанов, көрермен: «Билетіміз бар, бірақ, кешігіп келіп, сыймай қалдық. Дегенмен, барлығы өте әдемі.»
Өнер ошағының вокалды және үрмелі аспаптар шығармашылық топтарының қатары биыл тағы 2 ұжыммен толықты. Олардың дені жастар. Бүгінгі кешке сол өнерлі топтардың таңдаулы 29 нөмірі іріктеліп алынған.
Назарбек Үсіпахметов, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары: «Бізде «Виа» тобы құрылды. Сондай-ақ, аспаптық ансамбль өз алдына. Былтыр көрермендерімізді барынша қамтуға тырысамыз деп, Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драм театрында өткізген едік. Ол кезде де сыймай қалды. Енді биыл 1200 адамға арналған цирк ғимаратында өткізген едік — тағы сыймай қалатын түрі бар.»
Көрерменін сағындырған филармония ұжымы бұл концертін алдағы аптада тағы қоюы мүмкін. Сол кешке де өнерсүйер қауым аз жиналмасы анық.