Жаңа Иқанда жаңа мешіт ашылды

510

Айлардың сұлтаны саналатын қасиетті рамазан айында  Түркістан қаласына қарасты Жаңа Иқан ауылдық округінде мешіттің ғимараты жаңартылып, пайдалануға берілді.

Бұған дейін жаңаиқандықтар жүз кісілік мешітте парыздарын өтеп келген. Алайда, тозығы жеткен ғимаратты жаңартуды көздеген ауылдағы жамағат соңғы уақытта асарлатып мешіт көлемін ұлғайтты. Нәтижесінде Алланың үйінде бір мезгілде мың кісі намазға жығылуға мүмкіндік алды.

Жолдас Сатыбалдиев, Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғыны : «Ораза кезінде парызымызды осы жаңа мешітте орындайтынымызға ауыл халқы қуанып отырмыз. Рахмет».

Аталмыш шараға арнайы келіп қатысқан облыстық орталық мешіттің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев өз сөзінде «Қасиетті рамазан айының қарсаңында биылдың өзінде 10-ға жуық мешіт ашылды. Бұл өте қуанышты жайт» дей келе, жалпы мұсылман қауымға құттықтауын жеткізді.

Айта кетерлігі, мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне облысымыздың әр ауданынан арнайы келіп қатысқан имамдар игілікті шарадан соң бас қосып, қасиетті Рамазан айында қолға алынатын шаралар жайын талқыға салды.