Қамқорлықтың жарасты жалғасы

«ПетроҚазақстан» ЖШС-інің ұжымы көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға қашан да әзір. Компания басшылығы әркез қайырымдылық іс-шарасының басы қасынан табылуға құмбыл. «Атымтай жомарт» азаматтардың жаңа оқу жылы қарсаңында қаладағы бірқатар мектептерге тарту-таралғы үлестіруі әлі жалғасуда. Ел ертеңі жас буын екені мәлім. Осыны қаперге алған петроқазақстандықтар ертеңгі ұрпақ үшін қаржыны ізгі жолға жұмсауды әдетке айналдырған.

Жуырда «Мектепке жол» акциясы аясында №54 мектептің көмекке мұқтаж оқушыларына «ПКОП» үлкен сый жасаған-ды. Енді міне, Сайрам ауданына қарасты «Жұлдыз» ауылдық округі М.Әуезов атындағы №53 жалпы орта мектептің ұжымы білім күнін қуанышпен қарсы алды. Өйткені мектеп ұстаздары 1-қыркүйектен бастап жаңа құралдармен жабдықталған кабинетте дәріс беретін болады. Қайырымды компания 1100 оқушы білім алатын қазақ-өзбек мектебінің технология пәні кабинетіне 10 дана жаңа тігін мәшинесін тарту етті. Жапондық «Ягуар» компаниясы жасап шығарған жабдықтың әрбір данасы 27 мың теңгені құрайды.

Ұстаздар мен оқушылардың білім ордасына осындай құрмет көрсеткен «ПетроҚазақстанның» басшылығына алғысы шексіз. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, мектеп директоры Хикмет Сүлейменқұлов алғашқы қоңырау салтанатында компания ұжымына өз ризашылығын жеткізді. «ПетроҚазақстан» бізге үнемі қамқорлық танытуда. Бұдан кейін де компанияның қамқорлығы жалғасады деп сенеміз. Ал ұстаздар мен оқушылар қауымы осындай қошеметті сезіне білулері тиіс»,- деп атап өтті мектеп басшысы. Жиында сөз алған компанияның өкілі Е. Жұмаділ бұдан кейін де ауқымды көмек ұйымдастырылатынын жеткізді. Кәсіпорын орналасқан аймақтағы ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешу бірінші кезекке қойылған міндет екен.

«ПКОП» соңғы он жыл көлемінен бері ауылдық округ халқының әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосып келеді. Байланыс желілерін орнату, жол, ауызсу мәселелері оң шешімін табуда. Тағы бір айта кетерлігі, аудандағы №4 балалар үйі 18 жылдан бері «ПетроҚазақстанның» игілігін көріп жүр. Жыл сайын тәрбиеленушілердің тұлғалық дамуына 4 млн. теңге бөлінеді. Биыл балалар үйіне 25 мың АҚШ доллары аударылыпты. Компания басшылары мұнымен шектелмей, қаражат көлемін бұдан да ұлғайтуды жоспарлауда.

Тағабай ҚАСЫМ