8 мектеп оқу жылына дайын емес

Мектеп құрылысында кемшілік көп

Шымкенттік мектептерде өрттің алдын алу шаралары бойынша арнайы тексеру жүргізілді. Осылайша білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы сарапқа салынған тұста қаладағы 8 мектеп бала оқытуға дайын емес болып шықты. Құрамында Төтенше Жағдайлар басқармасы мен СЭБҚ мамандары бар комиссия осылай деп шешім шығарып отыр. Ал қалалық білім бөлімінің жауапты қызметкерлері жақында ғана «мектептердің 98 %-ы оқушыларды қабылдауға дайын» деген болатын.

Жоғарыда айтылған 8 мектептің 4-еуінде өрт қауіпсіздігі шаралары дұрыс орындалмағаны анықталды. Бұған дейін экономикалық соттың шешімімен жабылған №15,19,61, және 64-ші білім ошақтарының қатарына №20,36,67-ші және 70-ші мектеп қосылды. Соңғыларында өрт қауіпсіздігі шаралары мүлдем сын көтермейді. Тексеру барысында көрсетілген кемшіліктер жойылмаған жағдайда олардың құжаттары сотқа тапсырылады.

– Мәселен, №20 мектептің өрт гидранттары мүлдем істен шыққан,-дейді ТЖБ-ның бас маманы Мадияр Жақсыбаев. – Қалалық білім бөлімі биыл сол гидранттарды жөндеуге 3 млн. теңге қаржы бөлген. Аталмыш білім ошағы сол үшін қаржы алғандар тізімінде бар болғанымен, кемшілік жойылмаған.

8 мектеп оқу жылына дайын емес

Қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығын тексеруде үш ауданның санитар мамандары да қарап қалмады. Абай ауданы бойынша мамандар 4 мектепті тексеруді кейінге қалдыруға мәжбүр, себебі құрылыс жұмыстары әлі толық аяқталмаған. Еңбекші аудандық СЭҚ басқармасы мамандарының айтуынша, 2 білім мекемесінің тазалығы сын көтермейді. Ал №12 және 36 мектептердің тозған ғимараттарында бала оқыту қауіпті.

Қалалық білім бөлімінің мамандары сеисмикалық жағдайы төмен екі мектепті жаңартуға жобалық сметалық құжат дайындалып жатқанын айтып ақталуда. Ал өрт қауіпсіздігі шаралары сын көтермейтін мектептердегі жұмыстарды аяқтауға қаржы бөлінгендігін айтады. Не десек те жаңа оқу жылы осындай уәделермен басталғалы тұр.